Эльвира Әзімова: «Азаматтар заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрайды»
Қабылданған 18 нормативтік қаулының бесеуінде нормалар конституциялық емес деп танылған
Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова тұрғындар түсетін шағымдарға тоқталды. Астана мен Алматы қалалары, Қостанай облысының тұрғындары заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрайды екен.
Әзімованың айтуынша, биыл бес айда 3 мыңнан астам адам өз құқығын конституциялық тұрғыдан қорғауға жүгінген. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға тек қызығушылығын емес, олардың әрқайсысы өз құқығын қорғау ниетін растап отыр.
«Қазақстан заңнамасында Конституциялық сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық құралын қолдану туралы талап жоқ. Тоқетерін айтқанда, азаматтар Конституциялық сотқа жүгініп, олар әділдік пен заңдылықты орнатуға жәрдемдеседі. Түскен өтініштердің жартысына жуығы сот шешімдерімен келіспеушілігін білдіреді. Бұл ретте Конституциялық сот сот шешімдеріне баға беруге құқылы емес екеніне назар аудар керек», - деді Эльвира Әзімова Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Конституциялық соттың төрағасы тұрғындардың неге көңілі толмайтынына тоқталды.
Қазақстандықтардан түскен өтініштердің бір бөлігі сот актілерін орындалмауына және тұрғын үй, еңбек қатынасына, әлеуметтік қорғауға, жазалардың орындалуына, ақпаратқа қол жеткізуге, жеке тұлғалардың банкроттығына және тағы басқа мәселеге қатысты сұрақтар көтеріледі.
4001 өтініште (26%) азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сай екенін тексеруді сұрайды.
20 өңірдің ішінде Астана мен Алматы қалалары мен Қостанай облысының тұрғындарына түскен өтініштер көп, - деді Конституциялық соттың төрағасы.
Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын ұсынуға міндетті.
«Қоғамның жаңадан құрылған конституциялық бақылау органының жұмысына қызығушылығын ескеріп, осы жылды ескерусіз қалдырмай, сіздердің назарыңызға қызмет басталғаннан бергі алғашқы 5 айға жолдауды ұсыну туралы шешім қабылданды.
Осы кезеңдегі конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша, өкінішке қарай, жекелеген нормативтік құқықтық актілерде елеулі олқылықтардың бар екені анықталды.
Қабылданған 18 нормативтік қаулының бесеуінде нормалар конституциялық емес деп танылды, тағы бесеуі бойынша Конституциялық сот біркелкі құқық қолдану мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме берді», - деді Әзімова.
Бүгінде Үкімет пен мүдделі органдарға қажет шаралар қабылдау ұсынылған.