Halyq Uni логотип
×

1,5 млрд теңге: Жетісу облысында заңбұзушылықтарға жол берген шенеуніктер жұмыстан босатылды

Өңірде жерлерді қайтару жөніндегі уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың қызметі әлсіз

 Динара Амантай 20.06.2023 | 14:14
1,5 млрд теңге: Жетісу облысында заңбұзушылықтарға жол берген шенеуніктер жұмыстан босатылды
Фото: Halyq Uni

Жетісу облысында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саласында 1,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жетісу облысының прокуратурасында кеңейтілген алқа отырысы өткізілді. Онда жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуын тексеру және агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау нәтижелері қаралды.

Алқа жұмысына облыс әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары, жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті органның, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Тексеру нәтижелері қарастырылып отырған салаларда күрделі және жүйелі мәселелердің бар екендігін көрсетті. Жер қатынастары саласында пайдаланылмаған жерлерді қайтару жөніндегі уәкілетті және жергілікті атқарушы органның әлсіз жұмысы атап өтілді.

2022 жылы әкімдіктер мемлекетке 130 мың гектар пайдаланылмаған жерді қайтару туралы есеп берді. Ал прокурорлық тексеру олардың 60 мың гектары әлі күнге дейін бұрынғы иелеріне тиесілі екенін көрсетті.

Алакөл және Ескелді аудандарында ұзақ уақыт бойы қайтыс болғандарға есептелген 7,8 мың гектар жерді қайтару бойынша шаралар қолданбаған. Конкурстық рәсімдерді айналып өтіп 2 мың гектардан аса жерді беру фактілері анықталып, олар қадағалау актілері бойынша қайтарылды.

Сондай-ақ, Ескелді ауданында прокурорлар басқа қатысушыға қарағанда аз дауыс алған шаруа қожалығына конкурс қорытындысына қайшы жер беру фактісін анықтады. Бұған қоса Көксу және Ескелді аудандарында мемлекеттік резервке қойылған 90 гектар босалқы жерді (егістік жерді) ұзақ уақыт бойы үшінші тұлғалар заңсыз игерген.

Жалпы жол берілген бұзушылықтар үшін аудандық әкімдіктердің 2 бөлім бастығы (жер конкурс комиссиясының мүшелері) жұмыстан шығарылды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін аудан әкімдерінің 3 орынбасары және жер қатынастары бөлімінің 1 бас маманы жауапқа тартылды.

Сонымен бірге агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саласында прокурорлар жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Жекелеген жағдайларда субсидиялар шаруа қожалықтарында тіркелген ауылшаруашылық жануарлары жоқ субъектілерге берілген.

Бұған қоса қаражатты ұрлау белгілері бар барлық фактілер бойынша мемлекетке келтірілген залалды растау үшін мемлекеттік аудит жүргізіледі. Нәтижелері бойынша процестік шешімдер қабылданатын болады.

Басқа жағдайларда жосықсыз шаруалар субсидиялау шарттарының талаптарын орындамаған. Атап айтқанда, «Д» шаруа қожалығы жергілікті зауыттарға қайта өңдеуге тапсыру міндеттемесімен қант қызылшасы тұқымын сатып алуға 10 млн теңге сомасына субсидия алған. Алайда, аталған шаруашылық мемлекет алдында алған міндеттемелерін орындамай, жергілікті зауыттарға шикізат жеткізуден жалтарған.

Жалпы субсидия алушылар шарттар бойынша жалпы 300 млн теңгеге міндеттемелерді орындамаған. Прокуратура жергілікті атқарушы органның алдына субсидияның көрсетілген сомасын мемлекетке қайтару туралы мәселе қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама