Сондай-ақ туындайтын проблемаларды шешу жолдары қарастырылды
Астанада халықаралық волонтерлік қызметтің даму маңыздылығы талқыланды, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
20 маусымда Халықаралық волонтерлер форумы аясында «Халықаралық волонтерлік бастамалар: тәсілдер мен тәжірибелер» сессиясы өтті.
Сессия аясында ірі шетелдік ұйымдардың өкілдері АӨСШК бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы атқарушы хатшысының орынбасары Дәурен Абаев, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, UNFPA өкілділігінің басшысы, Түрікменстан мен Қырғызстандағы еларалық директоры Ронни Линдстром, БҰҰЕ аймақтық маманы Эмилия Асадова сөз сөйледі. Сондай-ақ Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы әйелдер кәсіпкерлігі бойынша маман, Финляндия Катариина Йарви, Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те қатысты.
Пікірталас барысында форум қатысушылары халықаралық волонтерліктің дамуы, оның практикалық тәсілдері мен халықаралық волонтерлік бастамаларды іске асыру бойынша проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды, деп хабарлады министрлік.
Сарапшылар халықаралық волонтерліктің белсенді дамуын атап өтті. Мәселен, БҰҰ даму бағдарламасымен жұмыс аясында 7 қазақстандық волонтер Иордания, Кения, Тайланд пен Түркиядағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында жұмыс істеді.
Жүргізілген жұмыс біздің елге волонтерлік қызмет саласында әлемдік оң тәжірибені енгізуге мүмкіндік берді. Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен Волонтерлік кеңестің халықаралық ынтымақтастығы дамып жатыр, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы бірлесіп Қазақстанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде айтылған «Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын» жариялау туралы бастамасын ілгерілету бойынша Жол картасының жобасы әзірленді. Бұл бастама түрлі халықаралық диалог алаңдарында, атап айтқанда Ресей, Таиланд, Қытай мен Түркияда өткізілген іс-шаралар аясында талқыланды.