4% автонесие: бағдарламаны тоқтату халықтың ашуын туғызбай ма?
Жеңілдетілген автонесиеге жалпы 100 млрд теңге бөлінген еді
Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздегі жеңілдетілген (4%) автонесие бағдарламасының тоқтайтынын, енді қаражаттың бәрі тозған автобустарды жаңартуға жұмсалатынын айтты.
Министр жеңілдетілген автонесие бағдарламасының тоқтауы жеңіл көліктің құнына әсер етпейтінін атап өтті.
Ведомство басшысының осы мәлімдемесін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов түсіндіріп, «бағдарламаны тоқтату халықтың ашуын туғызбай ма?» деген сұраққа жауап берді.
Біз білеміз. Өкінішке қарай, бәрі қалай болатынын алдын ала білсек, осындай жағдай болмаушы еді. Базалық ставка өсті, сұраныс та жоғарылады. Шектеулер болмады. Ең басты мәселе кредит өте қолжетімді болып кетті.
Халықтың реніші болуы мүмкін. Бұл көлік алуға болатын жалғыз бағдарлама емес... Біз өз міндетімізді орындап жатырмыз.
Бізде 9,2 млн жолаушы автобус пайдаланады. Бұл сұранысты да қанағанттандыру керек қой. Бәрі көлік сатып ала алмайды. Бұл мәселе бұрыннан туындаған. Бізге автопаркті жаңарту керек. Түсінесіз бе? - деді вице-министр.
Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары төмендегідей болған:
- Көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек;
- Қаржыландыру сомасы – 10 млн теңгеден артық емес;
- Қаржыландыру мерзімі – 7 жыл;
- Бастапқы жарна – 0%;
- Сыйақы мөлшерлемесі – 4%.
2015 жылдан бастап Үкімет ҚДБ арқылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 82 млрд теңге бөлген. Одан кейін 2022 жылғы мамырда Өнеркәсіпті дамыту қоры аталған бағдарламаға 100 млрд теңге аударды.