Астанада өртті сөндіру жалғасып жатыр

Динара Амантай

185 адам, 37 техника мен 6 суару машинасы жұмылдырылды

Фото: Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі

Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері кешеден бері Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жол арасындағы қураған шөп пен қамыстан шыққан өртті сөндіріп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазір өрт сөндірушілер құрғақ шөптің бықсыған жерлерін жекелеген ошақтарын сөндіруде.

Бүгін таңертеңнен бастап «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы өрт ошақтарына әуеден 17 рет 51 тонна су төкті. Қорғаныс министрлігінің және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары өрт ошақтарына әуеден 59 рет 198 тонна су жіберді.

Өрт сөндіруге Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары ТЖД жеке құрамының 185 адам, 37 техника жұмылдырылды. Сонымен бірге оқиға орнына қала әкімдігінің 6 суару машинасы келді. 

Астана қаласының әкімдігі мен «Клуб добряков» еріктілер командасы елордалық өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз етті.

Қаланың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға кеңес береді.