Түркістан мен Кентаудың бұрынғы әкімі өзіне тағылған айыпты мойындамады
Астананың қылмыстық істер жөніндергі мамандандырылған ауданараралық сотында Түркістан мен Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповке қатысты іс қаралып жатыр. Аюпов 2022 жылы қамауға алынған, алайда оған қатысты қылмыстық іс 2013 жылы болған жағдайға байланысты қозғалған.
Оған қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 177-бабы 4-бөлігі Б пункті (ірі көлемдегі алаяқтық), 28-бабы 4-бөлігі (басқа адамды сендіру, пара беру, қорқыту немесе басқа тәсілмен қылмыс жасауға итермелеу) бойынша айып тағылған.
ІРІ КӨЛЕМДЕ ПАРА БЕРУГЕ ИТЕРМЕЛЕГЕН
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2012 жылдың 1 наурызынан 2013 жылдың 31 шілдесіне дейін Аюпов премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істеген. 2013-2015 жылдары академиялық демалыс алып, Лондондағы Мэри патшайым университетінде (Queen Mary University of London) оқыды.
Іс бойынша жәбірленуші – Сайдулла Қожабаев. Ол Alageum Group-тың бақылаушы акционері. Оның құрамына «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі Asia Trafo трансформатор жабдықтарын өндіретін зауыт кіреді. Тергеу мәліметіне сәйкес, 2013 жылы Англияда жүрген Аюпов кәсіпкер Сайдулла Қожабаевпен байланыста болған.
Аюпов Қожабаевтың компаниясы туралы ақпарат жинай бастайды. Оның ішінде қаржылық жағдайы туралы ақпарат жинаған. Қожабаев пен оның компаниясы туралы ақпарат жинап болған соң Аюпов Қожабаев пен Ғабидолла Әбдірахымов арасында кездесу ұйымдастырған. Кездесу Астанадағы Үкімет үйінде өткен. Әңгіме барысында Әбдірахымов компанияға қолдау көрсетуге, түрлі тендерді жеңуге көмек көрсетуге дайын екенін айтқан, - деді мемлекеттік айыптаушы Раушан Ақшораева.
Прокурордың айтуынша, кәсіпкер Қожабаев тендерде жеңіске жету үшін Аюповке бірнеше адам арқылы 2,8 миллион доллар берген.
Айыптау актісіне сәйкес, Рашид Аюповтың досы Бауыржан Тәжібеков 1 млн долларды алғаннан кейін бірден Аюповтың атына 13,4 млн теңгеге Land Cruiser сатып алған. Аюпов бұл уақытта Англияда болған, алайда сатып алу құжаттары Аюповтың атына толтырылған. Содан кейін Тәжібеков Кентауға барып, қалған ақшаны гаражында сақтаған.
2013 жылдың 6 және 8 шілдесінде Бауыржан Тәжібеков (Аюповтың досы – автор) Аюповтың тапсырмасы бойынша Аюповтың шотына тағы 15 мың доллар аударған. Ал әйелі Гүлзира Аюповаға 4,5 млн теңге аударған. Содан кейін Аюпов Лондоннан Астанаға ұшып келген. Тәжібековке ақша мен отбасын Шымкенттен Астанаға алып келуді тапсырған. Тәжібеков қалған ақшаны алып, Аюповтың отбасымен бірге Астанаға келген. Олар жалдамалы пәтерге барған, ол жерде Тәжібеков қалған ақшаны Аюповке берген. Аюпов депозитке 30 млн теңге салған, 26 млн теңгеге үш «КамАЗ» жүк көлігін сатып алды, 90 млн теңгеге BI Village-де үй сатып алған, Астанада 12 млн теңгеге үй-жай сатып алған, - деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурор Рашид Аюпов шенеунік ретінде Сайдулла Қожабаевты аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп санайды.
Аюпов Қожабаевтың жалпы сомасы 2,8 млн АҚШ долларын заңсыз алды, бұл 422 млн 800 мың теңгеге тең, - деді прокурор.
АЮПОВ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАДЫ
Түркістан мен Кентаудың бұрынғы әкімі Рашид Аюпов өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Құрметті судья! Өмірзақ Шөкеев пен Ғабидолла Әбдірахымовқа қарсы жалған куәлік беруден бас тартқаным үшін айтылған барлық айыпты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ойдан құрастырды. Тағылған айыпты мойындамаймын. Сот процесі барысында шындықты дәлелдеймін, - деді Рашид Аюпов.
Ол сондай-ақ бәрінің жалған айып екенін айтты.
ІСТІ АНТИКОР ТЕРГЕДІ
2023 жылдың 18 мамырында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Кентау қаласының экс-әкімі Рашид Аюповке қатысты тергеуді аяқтады.
2013 жылы ол премьер-министр кеңсесінің қызметкері болып, ірі жекеменшік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірді, - делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген.
«Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр», - делінген ақпаратта.