Қостанайда 300 млн теңге жымқырған қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды

Динара Амантай

Сотталушы өз кінәсін және азаматтық талаптарды ішінара мойындады

Фото: Halyq Uni

Қостанайда қазақстандықтардың 300 млн теңгсін қолды еткен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі

Қостанай қаласының №2 сотында қаржы пирамидасын құру, яғни аса ірі көлемде ақша жинаудан табыс алу қызметін ұйымдастыру бойынша зейнеткерге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы 2018 жылдың 10 қаңтары мен 2021 жылдың 13 мамыры аралығында «Үздік таңдау-2018» тұтыну кооперативінің атын жамылып, еліміз аумағында қаржы пирамидасын құрып басқарған. Яғни, жылжымайтын мүлікті (пәтерлерді, жеке үйлерді), сондай-ақ жылжымалы мүлікті (автокөліктерді) бөліп төлеу арқылы иелену деген желеумен, активтерді қайта бөлу және пирамиданың кейбір қатысушыларын басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы жеке тұлғалардан ақша тартудан кіріс алу бойынша іс-шараларды ұйымдастырған.

Іс бойынша Қазақстан Республикасының әр түрлі қалалары мен облыстарынан 185 жәбірленуші бар. Сотталушының қылмыстық әрекеті салдарынан келтірілген материалдық залал 300 млн теңгеден асты, яғни аса ірі мөлшерде болған.

Сотталушы өз кінәсін және азаматтық талаптарды ішінара мойындады.

Үкiмдi тағайындау кезiнде сот жауапкердiң жауапкершiлiгi мен жазасын жеңiлдететiн мән-жайлар ретiнде оң мінездемесін, зейнеткерлік жасы мен ауруының болуын таныды.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.

Сот жеке басын, жасалған әрекеттің сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын, оң мінездемесі, зейнеткерлік жасын және науқастығының болуын ескере отырып, сотталушыға коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға дейін айыра отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең төмен мекемесінде жазасын өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

101 жәбірленушінің азаматтық талап арызы қанағаттандырылып, 31-і бойынша іс жүргізу талап арыздан бас тартуына байланысты тоқтатылды, 45-і бойынша азаматтық сот өндірісінде қабылданған шешімнің болуына байланысты қанағаттандырудан бас тартылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.