Зүлфия Сүлейменова тергеу аясында сұрақтар туындаса, жауап беруге дайын екенін жеткізді
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қандай жағдайда отставкаға кететінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан шыққан министрге журналистер «Абай облысындағы өрттен кейін сіздің тарапыңызға көп сын айтылды. Отставкаға кетуге дайынсыз ба?» деген сұрақ қойды.
Бас прокуратура (Абай облысындағы алапат өртке және адам өліміне байланысты – авт.) тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу аясында тиісті сұрақтар туындаса, жауап беруге дайынбыз, - деді Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысынан соң.
Семей орманындағы алапат өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды: өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, екі және одан да көп адамның қаза болуы. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.
Өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері мен бір тракторшы қаза тапты. 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.