Ол Алматы қаласында дүниеге келген
10 маусымда Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалған Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында ант берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан халқы мен Президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани дамуы ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге ант етемін, - деді министрі Сырым Шәріпханов.
Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов 1967 жылы 1 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
1991 жылы Қазан қаласындағы М.Чистяков атындағы Зымыран әскерлерінің жоғары әскери командалық-инженерлік училищесін тәмамдады. Техника ғылымдарының докторы, генерал-майор. Ол еңбек жолында азаматтық қорғаныс жүйесінде түрлі лауазымдар мен басшылық қызметтерді атқарды.
1997 жылғы маусымнан 1999 жылғы ақпанға дейін – Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар басқармасының дайындық және оқыту орталығының бастығы.
2008 жылғы қыркүйектен 2010 жылғы ақпанға дейін – Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.
2014 жылғы қазаннан 2020 жылғы қарашаға дейін – Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының бастығы.
2021 жылдың 3 қыркүйегінен бүгінге дейін – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы қызметін атқарды.