Жұмыс орны мен табыс көзі туралы мәліметті жеке сот орындаушысынан жасырған
Алименттен жалтарған Ақтөбе облысының тұрғынына бас бостандығын шектеу жазасы кесілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Мұғалжар ауданында алимент төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылған азамат бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, жазасын Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде өтеп жүр. Қазір оның жалақысының 50 пайызы баласының күтіміне жұмсалып отыр.
2020 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының 31 жастағы тұрғыны баласының күтімі үшін жұбайына алимент төлеп отыруға сот шешімі шыққан. Алайда ер адам сот талабын орындауға міндетті екендігі жөніндегі ескертулерге құлақ аспай, алиментті сол күйі төлемей қойған. Осыған байланысты ол ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылады. Десе де, сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін біле тұра, бұдан кейін де қорытынды шығармаған азамат 3 айдан астам уақыт алимент төлемей қояды. Яғни, ол жұмыс жасап, еңбекақы алып отырса да, өзінің жұмыс орны мен табыс көзі туралы мәліметтерді жеке сот орындаушысына хабарламай, табыс көзін жасырған.
Cот шешімімен ер адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Ер адам өзінің әкелік құқығынан бас тартып, сот белгілеп берген алимент төлеу міндеттемелерін орындамағаны үшін және міндеттемелерін елемеуді жалғастыра бергені үшін сотталып, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылып, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебіне алынған. Қазір ол пробация қызметінің есебінде тұрып жазасын өтейді және жалақысының 50 пайызын кәмелетке толмаған қызының күтіміне жұмсап отыр, – деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.