×

Азық-түлік бағасына қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды

Кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

 Динара Амантай 19.06.2023 | 11:13
Фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте өңірлердің азық-түлік бағасын бір аптаға тұрақтандыру бойынша жұмысының қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында Әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі қызметінің нәтижелері қаралып, Қызылорда облысындағы күріш жәрмеңкесіне дайындық барысы және алдағы қыста тұрақтандыру қорларына күзгі егінді сатып алу процесін талқыланды.

Өткен кеңестердің бірінде Серік Жұманғарин айналым және форвардтық схемалар бойынша жасалған әкімдіктердің шарттарын тексеруді тапсырды. СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Ұлытау облысына жұмыс сапарының нәтижелері туралы баяндады.

Талдау қорытындысы бойынша жергілікті әкімдік пен ӘКК жұмысында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Біріншіден, әкімдік өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуды іске асыру үшін ӘМАТ тізбесін бекіткен жоқ. Екіншіден, 2023 жылғы 6 маусымда Жезқазған супермаркеттері мен дүкендерінде әлеуметтік өнімдердің 9 атауы бойынша шекті бағалардың асып кетуі тіркелді. Үшіншіден, ӘКК-де «айналым схемасы» бойынша шарттар жоқ, тиісінше кәсіпкерлерге жеңілдетілген қарыздарға бөлінген ақша қаражаты өз мақсатына жетпей, ұтымсыз пайдаланылады және депозиттерде жатыр. ӘКК арқылы тұрақтандыру қорына сатып алынатын өнім өңірдің дүкендерінде жоқ. Тұрақтандыру қорында осы жылдың қаңтар-мамыр айларында 9 атаумен тауарлық интервенциялар іс жүзінде жүргізілмеген. Тауар қорларының басым бөлігі 2023 жылдың күзіне және 2024 жылдың басына ауыстырылды. ӘКК-де әлеуметтік өнімдер қорларының жалпы көлемі 2 мың 170 тоннаны құраса, 2023 жылы сату көлемі небәрі 243 тоннаны құрады, — деді Айдар Әбілдабеков. 

Сонымен қатар, Ұлытау өңірінің Сауда департаменті ӘКК-нің әлеуметтік өнімдерін жоғары сауда үстемесімен тауарды қайта сатқан кәсіпкерлердің сатудың 4 фактісін анықтады. Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында «Ұлытау» ӘКК кәсіпкермен 1 мың 500 келі көлемінде 190 теңгеден пияз сатуға шарт жасасты. Ол кейіннен рұқсат етілген 15% орнына 47%-ға дейін сауда үстемесімен пиязды сатқан. Яғни, оның бір келісі 280 теңге болған. Тағы бір кәсіпкер ӘКК-ден қырыққабатты бір келі үшін 45 теңге бағамен сатып алды. Ал бағаны 8 есе көтеріп, 360 теңгеге сатты. Картоп пен күнбағыс майын сату кезінде осындай фактілер анықталды. Сауда қызметін реттеу туралы заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу шарттарын жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуге тиіс. Егер бұл талап бұзылса, мәміле жарамсыз болады.

Барлық анықталған фактілер бойынша кәсіпкерлер ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімдік пен ӘКК лауазымды адамдарының әрекеттері бойынша материал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілетін болады.

Сауда және интеграция министрлігі барлық жергілікті атқарушы органдар мен «Ұлытау» ӘКК-нің, атап айтқанда әлеуметтік өнімдерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысын ерекше бақылауға алсын,— деп тапсырды кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама