Маңғыстау облысында жалған дипломмен сабақ берген мұғалімдер анықталды
Былтыр прокуратура осыған ұқсас фактілер бойынша 14 қылмыстық істі тіркеген
Маңғыстау облысының прокуратурасы колледждерде жалған дипломдармен жұмыс жасаған қызметкерлерді анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Талдау кезінде жалған құжатты пайдаланудың 8 дерегі анықталды, яғни Ақтау колледждерінде 5 оқытушы, Қарақия ауданында 3 оқытушы заңсыз жұмыс істеген. Прокурорлар барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, материалдарды одан әрі тергеп-тексеруді жүргізу үшін полиция органдарына жолдаған.
Мысалы, құқық бұзушылардың бірі 2 жыл бойы Қарақия кәсіптік колледжінде жалған дипломмен тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша оқытушының жұмысын атқарған. Қарақия ауданының соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі («Көрінеу жалған құжатты пайдалану») бойынша 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындаумен қылмыстық жауаптылыққа тартты.
Осы тектес құқық бұзушылық үшін аталған сот сол колледждің басқа 2 оқытушысына қатысты үкім шығарды, олар жұмыстан босатылды.
Төрт эпизод бойынша полиция органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген қылмыстық істері рақымшылық актісі бойынша тоқтатылды. Бір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, былтыр прокуратура ұқсас фактілер бойынша 14 қылмыстық істі тіркеген және осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.