«Қазақта төрдің иесі де, киесі де – әке»: Елімізде алғаш рет Әкелер күні атап өтілді
Маусымның үшінші жексенбісінде елімізде алғаш рет Әкелер күнін аталып өтті
Биылдан бастап маусымның үшінші жексенбісінде елімізде алғаш рет Әкелер күнін аталып өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Атаулы меркелік күнге орай астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әке – отбасының тірегі» атты кең көлемді фестивалі өтті.
Жиынға Ақпарат және Қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбетов қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды ұлттық деңгейде алғаш рет тойланып жатқан Әкелер күнімен құттықтаймын! Әкелер күні халықаралық деңгейде тойланып келеді. Бірақ биыл Үкімет қаулысымен елімізде бірінші рет тойланып жатыр. «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Сол отбасының тірегі – отағасы, қарашаңырықтың иесі – әкелер екені белгілі. Әкелеріміз мықты болғандықтан, бізге осынау ұлан-ғайыр дала мұра болып қалған. Әке, ата ұғымында кие мен қасиет бар. Ата-жұрт, Атамекен деуіміздің сыры осында. Туған топырақ атаның, ананың есімімен тікелей байланысты. Қолына қалам ұстаған кез-келген азамат ата-ана туралы толғайды. Әкелерге арналған мереке отбасы құндылықтарын дамытатыны сөзсіз», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ғасырлар бойғы жалғасып келе жатқан әкені қадірлеу құндылығының маңызына тоқталды.
Қай кезде де қазақта төрдің иесі де, киесі де – әке, ата болатын. Сол ата мен әкені құрметтеген халық еш уақытта ешкімнен кем болмаған. Әкені тек ұлағат тұтқан. Кішілерге өсиет-үлгі болған. Біздің халқымыздың бала тәрбиелеудегі ерекшеліктері күні бүгінге дейін жалғасын тауып жатыр, - деді Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев.
Әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын насихаттап жүрген «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет әке институтын қолдау және дамыту жөніндегі шаралар жүйелі түрде іске асырылуы қажет екендігін және заңнамалық тұрғыда реттелуге тиіс кейбір мәселелерді атады. Оның айтуынша, Қазақстанда орта есеппен 5 адамның біреуі жалғыз басты әке болып келеді.
«Жалғыз басты әкелер көбіне үнсіз қалып, мәселелерін айтпай жатады. Республикалық әкелер форумын жыл сайын өткізудегі мақсатымыз – әкелер беделін нығайту, заңды құқықтары мен мүдделерін ілгерілету. Қазір әкелер құқығрының қорғалуы мен балалардың әл-ауқат индексін енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ажырасу процесі кезінде отбасындағы балалардың әлеуметтік қамтылуына мемлекет көмек беруі қажет. Берілген көмекті уақыты келгенде әкелерден өндіріп алуын белгілі бір тетіктер арқылы жүзеге асырылуға тиіс», - дейді бірлестік төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінде қанша жалғызбасты әке барын нақты анықтау қиын. Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы санақ бойынша елімізде 70 мыңнан астам ер адам бала тәрбиесімен айналысып отыр.
Осыған жалғас ойды қозғаған Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы қоғамдағы ер азаматтардың орны мен рөлі, оның мойнындағы міндеттері турасында айта келе, «адал азамат» ұғымына тоқталды.
«Түркістанда өткен құрылтайда президент Тоқаев «адал азамат» ұғымы туралы айтқан еді. Адал азамат – осы қоғамның әрбір мүшесі, соның ішінде әкелер. Сол адал азаматтарды тәрбиелейтін де әкелер. Әкелер күні мен аналар күні деп деп шартты түрде бөлгенімізбен, мұндай атаулы күндер халықаралық тәжірибеде белгіленгеген. Әке болу – отбасын құру ғана емес, өсіп келе жатқан ұл-қыздардың келешек тәрбиесіне ат салысу. Бүгінгі мерекенің маңызы әкеліктің жақсы үлгісін көрсету деп ойлаймын. Сонымен қатар қоғамда назар аударыла бермейтін мәселелерге ден қойылады», - деді Рауан Кенжеханұлы.
Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменова ерлердің рөлі, олардың отбасылық өмірге қатысуы және бала тәрбиесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әке махаббаты мен қамқорлығының баламасы жоқ.
«Ұлттық комиссия «Әкелер одағы» құрылған күннен бастап қолдап келе жатыр. Шын мәнінде бүгінгі қоғамда әкелердің абыройының төмендеп кеткені жасырын емес, оның себебі өте көп. Бүгінгі әкелердің мықты болуы – мемлекетіміздің нығаюының негізі болып саналады. Ал қазір материалдық жағдайға баса мән беріліп кетті. Дегенмен әкелік парыз материалдық міндеттерден ғана тұрмайтыны рас. Ақшаға сатылмайтын, баланбайтын әкенің орны бөлек. Ең алдымен әке – баланың қорғаны. Бала өмірінде кішігірім қиыншылықтарда жол көрсететін, бағыт-бағдар сілтейтін де әке. «Әкем бар» деп өскен баланың да өмірдегі, қоғамдағы орыны тұрақты болып келеді», - дейді ол.
Айта кетелік, жуырда Үкімет қаулысымен Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісіне, ал Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісіне бекітілді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, аталған мерекелік күндерді бекіту еліміздегі отбасы институтын нығайтуға ықпал етпек. Сонымен қатар, мерекелік күндердің тізбесіне «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді.
Адвокаттар ажырасу кезінде балалардың көбіне анасына қалдырылатыны туралы айтылмаған заңдылық бар дейді. Бұл шешім тек дәстүрге және ана институтын қастерлеуге негізделген, өйткені бала тәрбиесі әйелдің басты міндеті, ал ер адам онымен де айналыса алмайды деген көзқарас қалыптасқан.