×

Ақтөбелік оқушы әлемнің 9 университетіне оқуға түсті

Сәбина Ахметжан тағы 4 шетелдік университеттен жауап күтіп отыр

 Айнұр Шошаева 25.04.2022 | 10:45
фото: НЗМ

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Сәбина Ахметжан әлемнің тоғыз университетіне оқуға түсті. Тағы төрт мемлекет университетінен жауап күтіп отыр. Бұл туралы Назарбаев зияткерлік мектептерінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің мәліметінше, оқушы мамандықты тоғызыншы сыныпта таңдап, кейінірек халықаралық емтихандарды тапсыра бастаған. Қазір Сәбина Ахметжан әлемнің тоғыз университетіне оқуға түсті. Олар: University of Toronto (Канада), University of Oregon (АҚШ), Long Island University (АҚШ), Luiss University (Италия) және Түркияның 5 университеті – Koç University, Istanbul University School of Business, Sabanci University, Bilkent University, Kadir Has University. Оқушы әлемдік рейтингте үздік 25-ке кіретін Канаданың Торонто университетін таңдаған. Онда «менеджмент» мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.

Торонто университетіне түсу менің арманым еді. Өйткені бұл – Канададағы ең жақсы жоғары оқу орны. Сондай-ақ онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдердің өкілдерін кездестіруге болады. Оқуға түсуге тыңғылықты дайындалдым. Эссе жазуды он бірінші сыныпта бастадым. Канадаға виза алу ғана қалды, - деді Сәбина Ахметжан.

Оқушы құжат тапсыру кезінде ең қиын кезең мотивациялық эссе жазу болғанын айтады. Үміткер ағылшын тілінде бірнеше көлемді эссе жазып, комиссияға университет неге өзін таңдауы керек екенін дәлелдеуі керек. 

«Көптеген олимпиада, байқау, мектепішілік іс-шара, ғылыми конференция, ғылыми-әлеуметтік жобаға белсене қатыстым. Дайындықты тоғызыншы сыныптан бастау керек – бұл менің ұсынысым. Өз салаңыздағы университеттер тізімін жасаңыз. Одан кейін оныншы сыныпта халықаралық емтихандарға дайындалып, әлеуметтік жобалармен айналысыңыз», – деді Сәбина Ахметжан.

Сонымен бірге оқушы  «іскерлік басқару», «менеджмент», «қаржы» мамандықтары бойынша басқа жоғары оқу орындарына құжат тапсырған. Қазір Норвегия, Сингапур, Корея, Грекия университеттерінен жауап күтіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама