×

Қазақстандық колледждерде сырттай оқу 10 есе қысқарды

Екі жыл бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болатын

 Айнұр Шошаева 25.04.2022 | 09:35
фото: alem-edu.kz

Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы колледждерде сырттай оқуға арналған біліктілік тізімін айтарлықтай қысқартты. Енді студенттер 53 біліктілік бойынша білім ала алады.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, екі жылдан астам уақыт бұрын колледжерде 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болатын. Бірақ оқытудың бұл түрі студенттерге сапалы білім (дағды) бермейтіндіктен, оларды қысқарту бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізілген. Бұл жолы сырттай оқу «Құқық», «Білім беру», «Сервис, экономика және басқару» және басқа да кадрларды даярлау бейіндері бойынша алынып тасталды.

Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы кадрларды даярлауға қойылатын талаптарды еңбек нарығы мен жұмыс берушілер белгілейді. Министрлік сырттай оқу түрінен бас тартып жатыр. Мұндай шешімді қабылдауға түлектердің оқуды бітіргеннен кейін алатын білімі мен дағдысының сапасы жеткіліксіздігі себеп болған.

«Колледждер студенттерге жұмыс орнында білім алуға мүмкіндік беретін ірі кәсіпорындармен және бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істейді. Яғни бұл оқытудың дуалды формасы. Бұл бүгіннің өзінде білім сапасына оң әсерін тигізіп келеді. Сырттай оқыту тізімінен талап етілмеген біліктіліктер, оның ішінде дайындық сәйкестігін ескере отырып, біреуіне біріктірілгендер алынып тасталды. Жалпы біз қысқарту жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз», - деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама