Кәрім Мәсімов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды
Апелляциялық сот алқасы қылмыстық істі 16 маусымда қайта қарады
Астана соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің апелляциялық шағымын қарады.
16 маусымда апелляциялық сот алқасы қылмыстық істі қайта қарап, сотталғандар жазасын өтейтін мекеменің түрін өзгертті. Осылайша Кәрім Мәсімов, Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Өсіпов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.
Айта кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.