Halyq Uni логотип
×

Шымкентте екі баланы ұрып-соққан мешіт ұстазы жұмыстан қуылды

ҚМДБ бұл жағдайдың медреседе болғанын жоққа шығарды

 Халық үні 16.06.2023 | 18:32
Шымкентте екі баланы ұрып-соққан мешіт ұстазы жұмыстан қуылды
Фото: ашық дереккөз

Оқу-ағарту министрлігі Шымкент қаласында екі баланы ұрып-соққаны көрсетілген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жайтқа алаңдаушылық танытып отырғанын мәлімдеп, ата-аналарға баланың қауіпсіздігін кешенді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді ұсынды.

Болған жағдай баланың физикалық және (немесе) психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан немесе оны қорлаудан қорғау құқығын тікелей бұзып, қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр, - делінген комитет таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ комитет балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол берген барлық тарапты айыптайтынын мәлімдеді.

Балалар ешқашан зорлыққа ұшырамауы керек. Комитет басшылығы бұл жағдайды жеке бақылауда ұстап отыр. Осы мәселе бойынша облыстық білім басқармасы, Шымкент қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі және Ішкі істер органдарының басшылығымен тұрақты байланыс орнатылды, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт ұстазының жұмыстан босатылғанын хабарлады.

ҚМДБ бұл жағдайдың медреседе болғанын жоққа шығарды.

Оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары – ағалы-інілі Сейітқожа, Есенқожа Ешмұратовтар өз ұлдары Батырхан мен Әлиханға сыныптасы – «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровқа үй жағдайында діни сабақ беруді өтінеді. Өкінішке қарай «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған», - деп мәлімдеді ҚМДБ.

Сондай-ақ «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікірді де жоққа шығарды.

«Өкінішке қарай, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын қатаң бұзған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкерлеріне шара қолданды. 2023 жылдың 15 маусымында Рүстем Асқаров Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылды», - делінген ақпаратта.

Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама