Елімізде 270 мың медицина қызметкері бар
Бүгін – қазақстандық дәрігерлердің кәсіби мерекесі. Төл мерекені денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 270 мың медицина қызметкері атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мерекені биыл мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 79 мың дәрігер, сондай-ақ 191 мың орта медицина қызметкері атап өтпек.
Денсаулық сақтау министрлінінің мәліметінше, республика бойынша 3 324 амбулаториялық-емханалық ұйым бар.
Күн сайын 570 мыңнан астам пациент МСАК ұйымдарына барады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15% артық. 3 жылдың ішінде МСАК шығыстары 1,5 есе өсті, бұл денсаулық сақтаудың жалпы бюджетінің 34,3%-ын құрайды. 2025 жылға қарай МСАК шығыстарын 2 есеге жуық ұлғайту және денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-на дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте шығыстар негізінен республика халқының денсаулығын сауықтыру және қолдау мақсатында профилактикалық шараларды ұлғайтуға және күшейтуге бағытталатын болады, – деді министрлік.
Сондай-ақ елімізде жыл сайын МСАК қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғаяды. 2022 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін нозологиялар тізбесі 3,6 млн адамды қамти отырып, 224,6 млрд теңге сомасына 126-ға дейін кеңейтілді.
Ақ халатты мамандардың қызметінің көмегімен былтыр Қазақстанда 403 мың бала дүниеге келген. Босандыру сапасын жақсарту үшін қалыпты босандыру құнының тарифі 30%-ға көтерілген. Сонымен қатар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жыл сайын ЭКҰ-ға 7 мың квота бөлініп отыр. Бүгінде соның арқасында 14 мың әйелге ЭКҰ өткізілді, 6 мыңнан астам әйелде жүктілік басталды, 4 мыңға жуық нәресте дүниеге келді. Тағы 3 мыңға жуық әйел сәбиін күтіп жүр.
«Қамқорлық» бастамасы табысты іске асырылуда, бүкіл ел бойынша 15 оңалту орталығы және 11 ерте араласу орталығы ашылды. Балаларды медициналық оңалтумен қамту 2019 жылғы 18%-дан 2022 жылы 30%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, баланы дамыту кабинеттерінің желісі 600-ден 1 500-ге дейін кеңейтілді. Алдағы үш жылда заманауи жабдықтармен жабдықталған 13 заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр», – деп қосты министрлік.
Айта кетейік, жыл сайын 1,5 миллионнан астам бала скринингпен қамтылады, 5 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді. Балалардың кардиохирургиялық көмегі табысты дамып жатыр. Мәселен, жылына туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 2 мыңға дейін операция жасалады.
Отандық дәрігерлер соңғы бір жылда 800 мыңға жуық ота жасады, оның 2 мыңнан астамы күрделі операция.
Бүгінде профилактикалық шаралардың арқасында қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті.
2019 жылмен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітімі 6% төмендеді, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 5%, обыр – 13%, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім 24%, туберкулезден болатын өлім-жітім 30% төмендегені байқалады. Сондай-ақ, нәресте өлімінің 8% төмендеуі байқалады, – деп қосты министрлік.
Айта кетейік, Қазақстан билігі 2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нен 5%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Былтыр бұл мақсаттағы шығыстардың көлемі 3,7%-ға дейін өсті.
Қазақстан Республикасында бұл мереке 1998 жылдан бері атап өтіледі.