Алматыда үш ауысымды мектептер жабылды
Енді 37 100 оқушыға арналған 22 білім ордасын салу жоспарланып отыр
Алматыда үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Бұл туралы мәслихаттың VI сессиясында қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты.
Ол сессияда Алатау ауданы Мәдениет шағын ауданындағы 1500 орындық жаңа мектептің құрылысына байланысты соңғы үш ауысымда оқитын №196 мектептің таратылғанынан хабардар етті.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруды қолдап, 2030 жылға дейін бір ауысымдық оқытуға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматыда 37 100 оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге 5570 орындық 11 мектеп ашылады. Оның ішінде бюджет есебінен 1500 орындық бір мектеп (Қайрат шағын ауданы), 920 орынға төрт нысан (No 48, No 148, No 112, ШИ No 9) пен 3150 орындық алты жекеменшік мектеп ашу көзделген, – деді ол.
Бұған дейін Алматыда балаларды бірінші сыныпқа тіркеу 1 сәуірден басталып, 1 тамызға дейін жалғасатыны хабарланған еді. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында қабылдау электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде болады.