Шымкентте автобус қағып кеткен оқушының жағдайы айтылды
12 жастағы оқушының бас сүйегі сынған
Шымкентте автобус жүргізушісі 5-сынып оқушысын қағып кетті. Басынан жарақат алған бала ауруханаға жеткізілді.
Бұл жағдай 23 сәуір сағат 13:00 шамасында Бейбітшілік көшесінде болған. №180 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдап келе жатқан автобус оқушыны байқамай, қағып кеткен. Жедел жәрдем келгенге дейін зардап шегушіге тәртіп сақшылары алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, автобус қаққан оқушының жағдайы ауыр. 2010 жылы туған ұл бала қалалық балалар ауруханасына жатқызылған.
Оның бас сүйегі сынып, бас ішінде гематома пайда болған. Баланың жалпы жағдайы өте ауыр, тұрақсыз. Ол жансақтау бөлімінде жатыр, – делінген хабарламада.
Қалалық полиция жол апатының себеп-салдарын тексеріп жатыр.