Талдықорғанда қаржы пирамидасына қатысты сот өтіп, үкім шықты
Талдықорғанда Qnet компаниясына алданғандар ісі бойынша сот отырысы өтті. Онда Қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржылық пирамида құру және оған басшылық ету) негізінде айыпталушы «М» деген азаматшаға қатысты үкім шықты. Сотталушы адамдардың құқықтық сауаттылығының төмендігін пайдаланып, сеніміне мықтап кірген. «Табысыңды тез еселейсің, қаржылық тәуелділіктен құтыласың, апта сайын ақша түсіп, қалтаң қампаяды», деп уәде берген. Тіпті, «зейнетке де ерте шығасың, компания картасымен шартарапты шарлайсың», деген манипуляция да болған.
Полицияға арыз жазып, алданғанын айтқан 77 азамат қаржылық пирамидаға жалпы соммасы 57 млн теңге салған. Бірі несие рәсімдеп, ал бірі бар жиған-тергенін осы компанияға салған. Яғни, кем дегенде 2000 АҚШ доллары көліменде қаржы төлеп, кірген екен. Енді қаржы пирамидасының құрбанынан айналған тұрғындар банкке де, таныстарына да қарыз.
- Qnet компаниясына бізді жолдасымның досы шақырды. Басында тек кездесуге қатысуды өтінген. Содан кейін мазалауын жиілетті. Тағы бір кездесуіне барып қатыстық. Сол жерде жан-жақтан қаумалап жүріп мені көндірді. Соңымнан жолдасымды да тіркеді. Оған салатын ақшамыз да болмады. Бірақ олар біздің атымыздан тауар алуға несие рәсімдеуге көмектесіп, арадағы делдалдық қызметі үшін де бірнеше пайызын алып қалды. Кейін кіргеніме өкініп, ақшамды қайтаруды талап еттім. Ал, олар соңымнан тағы екі адам тіркесем, апта сайын 200 доллар көлемінде ақша түсіп отыратынын айтты. Бір жарым жыл істеп, сосын зейнетке шығып кетуге болатынына сендірді, - дейді Альмира Тұрғазинова.
Алданған жандардың дені Qnet компаниясына туған-туыс, дос-жаран, яғни, ең жақын адамдары арқылы кіргенін айтады. Компания ұсынатын арнайы карта арқылы кез-келген мемлекетке саяхаттауға болатынына да қызыққандар көп болыпты. Альмира сол карта арқылы ата-анасын қажылық сапарға апара алатынына сеніп қалған.
- Саяхаттау картасы ешқандай да тегін емес екен. Ол жай ғана жеңілдік беретін жүйе. Елдің бәрі соған алданып қалады. Жалпы, бұл компанияда «бизнес-серіктес ретінде ең жақындарыңды тартыңдар», дейді. Мұндағы мақсаты – кейін жақын адамдар бір-біріне арыз жаза алмайды. Жақын туыс, дос болғандықтан сотқа да бере алмайды. Осылай қолды бір сілтеп, компаниядан шығып кеткендер де қаншама. Одан бөлек, адамды сендірудің төрт кілті - әлсіз жерін, сырын анықтауды үйретеді. Барлық сауалға нақты жауап әзірлеп қойған, - дейді ол.
Компанияға алданып, несиесін төлей алмай қарызға батқан бір келіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Тіпті, сол кезде жүкті болған екен. Іштегі баласы шетінеп кеткен. Әбден қиналған. Полицияға бірнеше рет арыз жазса да, қабылдамапты. Нәтиже болмаған. Тек, былтыр алданған азаматтар Qnet компаниясының үстінен арызданып, БАҚ өкілдерін шақырғаннан кейін ғана іс қозғалған.
Альмира секілді қаржылық пирамиданың құрбаны болған - Гүлжан Мұқажанова. Ол компанияға танысы арқылы кірген. Кейін анасы мен әпкесінің атынан да несие рәсімдеп, артынан өздерін де тіркеп жіберген. Ол үшін әрқайсысына қырық мыңнан, жалпы сексен мың теңге ғана алған екен.
- Танысым компанияға ақша салсам, қалғанын өзі реттейтінін айтты. Басында сенбеген едім. Екі-үш ай байқап көрдім. Сосын әлгі танысымның Toyota Camry 70 көлігін алғанын көріп, артынан өзім барып тіркелдім. Бір айдан кейін табыссыз қалдық. Содан бері тірнектеп тапқан ақшамды үш баламның аузынан жырып, несие төлеп отырмын. Қазір тек анамның ғана несиесін өтеп жатырмын. Әпкем мен өзімдікіне шамам жетпейді. Төлеген жоқпын. Өсімпұлы қаншаға жеткенін білмеймін, - дейді Гүлжан.
Жәбірленушілер бір жылдан астам уақыт бұрын басталған істі ақыры сотқа дейін жеткізді.
- Сотталушы «М» кінәсін мойындамады, өзін ақтауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы прокурор сотталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы, 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот оны кінәлі деп таныды. Бірақ сотталышуның кәмелет жасына толмаған балалары барын және бұрын сотты болмағанын ескере отырып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды, - дейді Талдықорған қалалық сотының төрағасы Ермек Егеубеков.
Сотта жәбірленушілердің талап-арызы толық қанағатандырылған. Алайда, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Компанияға алданғандар салған ақшасын қайтара алмауымыз мүмкін деп алаңдайды. Себебі, сотталушы қымбат коттеджі мен көлігін өз атына емес, жақындарының атына рәсімдеген болуы мүмкін. Әзірге анықталғаны, өз атында екі баспанасы бар. Бірақ оны сатқан күннің өзінде де жәбірленушілердің салған ақшасын өтей алмайды. Мәселен, бұған дейін сотталған «Қ» есімді тағы бір азаматқа алданған жәбірленушілер әлі ақшасын өндіре алмай жүр екен.