АЭС салынатын жер әлі нақтыланбаған
Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтпейді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Референдум болмайды. Бұл мәселе референдумға шығарылмайды. Біріншіден, алаңның орналасқан жеріне қатысты сұрақ бар. Екіншіден, ең бастысы – технология және қаржылық-экономикалық модель. Ол қалай әсер етеді, біз мұны қалай жүзеге асырамыз? Бұл жөнінде мәселе бар, - деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Энергетика вице-министрінің айтуынша, бүгінде осы салада жұмыс істейтін барлық компания Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Жақында Корея тарапымен келіссөз жүргізілген. Енді Энергетика министрлігі Қытай тарапынан шақыруды тосып отыр.
Сондай-ақ Жандос Нұрмағамбетов АЭС салынатын жер мен оның құрылысын бастау мәселесі әлі шешілмегенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, АЭС салынатын жер мен оның уақыты анықталмады. Қазір заң бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Бұл Алматы облысының мәслихатына қатысты... Қазір бізге жаңа министр келді. Осы мәселе бойынша жұмыс істеп, оны талқылап жатырмыз. Көптеген сұрақ бар, жұмыс істеп жатырмыз, сеніңіздер», - деді вице-министр.
Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салу кезінде «Росатомға» басымдық берілмейтінін мәлімдеді. Тіпті, нысанды бірнеше ел бірігіп салуы мүмкін.