54 адам жол-көлік оқиғасының ортасында болды
Павлодар облысында 4 мыңнан аса жаяу жүргінші жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері 4 мың 272 жаяу жүргінші жауапқа тартылған. 54 адам жол-көлік оқиғасының ортасында болды. Одан 9 адам қаза тауып, 47 адам түрлі жарақат алған.
Мысалы, 13 маусымда Торайғыров көшесінде жас жігіт жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Жаяу жүргінші өзінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, өтіп бара жатқан көліктерге де кедергі болды. Біраз уақыттан кейін мұндай бұзушылық академик Сәтбаев көшесіндегі жол бойында тіркелді. Тағы бір мысал, зейнет жасындағы әйел аялдамаға келе жатқан автобусты көріп, үлгеру үшін жолды қысқартқысы келген Ол жолды тиісті жерден өтпей, заңбұзушылыққа жол берді.
Жол қозғалысы ережелерін елемейтін павлодарлықтарға қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша әкімшілік іс қозғады. Жаяу жүргіншілер 2 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі (6 900 теңге).
Жол қателерді кешірмейді. Тәуекелге бармай, бағдаршамға немесе жаяу жүргіншілер өткеліне барған дұрыс. Жолдың қиылысында зейінді және мұқият болыңыз, жолды толығымен өткенге дейін өз гаджеттеріңізге көңіл бөлмеңіз, – деп ескертеді Павлодар облысының полиция департаменті.