Тракторшының нақты неден қайтыс болғаны сараптамадан соң анықталады
Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев тракторшы Сергей Архипов Абай облысындағы алапат өрттен көз жұмғандардың қатарына жатқызылатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Иә, әрине. 14 орманшы көз жұмды. Олар бір топта болған. Содан кейін трактормен жолға шыққан жұмысшыны іздедік. Оның денесі табылды. Өрттен қаза тапқан 15-ші адам, - деді вице-министр.
Вице-министр тракторшының туыстарына мемлекет тарапынан көмек көрсету-көрсетпеу мәселесінен хабары жоғын айтты.
«Бұған қатысты ештеңе айта алмаймын. Сараптама (Сергей Архиповта) жүрек талмасы болғанын көрсетті. Ол (Семей орманындағы) өртте болды. Сондықтан біз 15 адам қаза тапты деп отырмыз. Оның қалай көз жұмғаны сараптамадан кейін анықталады», - деді Ибрагим Күлшімбаев.
Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тракторшының отбасына көмек көрсетуге қатысты пікір білдірді.
«Бізде асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекет және әлеуметтік сақтандыру қорынан белгілі мөлшерде арнайы жәрдемақы бөлінеді. Осы қаражат төленуге тиіс деп ойлаймын.
«Қазақстан халқына» қорынан төленетін төлемге тоқталайын. Ол мемлекеттің құзыретіне жатпайды. Өрттен көз жұмған басқаларға қаражат төлене ме, жоқ па, оны Қордан сұрағындарыңыз дұрыс», - деді министр.
Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тракторшы Сергей Архиповты жұмыс барысында қаза тапқандың арасына қосу мәселесін арнайы комиссия шешетінін жеткізді.
Оны қосу-қоспау жағын Үкімет комиссиясы шешеді, - деп сөзін түйіндеді ол.
Айта кетейік, Сергей Архиповтың мәйіті Абай облысы Бесқарағай ауданы Долон ауылында табылған. Ол жүрек талмасынан қайтыс болған. 9 маусымда ол тракторымен Қаштақ ауылына өрт сөндіруге кетіп, байланысқа шықпаған.