×

15 мың адам су астында қалуы мүмкін: 102 су қоймасы жөндеуді қажет етеді

Республикалық меншіктегі 4 су қоймасы апаттық жағдайда

 Бауыржан Мұқанов 17.06.2023 | 12:30
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Қазір елімізде 342 су қоймасы бар. Оның ішінде республикалық меншікте – 94, коммуналдық меншікте – 210, жекенің меншігінде – 36 және қалған 2 су қоймасы иесіз, деп хабарлайды Halyq Uni Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің берген ресми жауабына сүйенсек, биыл 328 су қоймасының жай-күйіне жүргізілген тексеру нәтижесінде 102 су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізу қажеттілігі анықталды. Жөндеу қажет ететін су қоймаларының 22-сі республикалық меншікте, 66-сы коммуналдық меншікте, 32-сі жеке меншікте, 2-еуі иесіз. 

«Республикалық меншіктегі су қоймалары министрліктің су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК теңгерімінде. Оларды күтіп ұстауға қажетті қаражат республикалық бюджеттен қаржыландырылады», – делінген ресми жауапта.

Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі 4 су қоймасы апаттық жағдайда, олар:

  • Қандысу су қоймасы (ШҚО);
  • Орта-Теректі су қоймасы (ШҚО);
  • Шарық су қоймасы (СҚО);
  • Самарқанд су қоймасы (Қарағанды облысы).

Аталған төрт су қоймасының төменгі ағысындағы 13 елді мекенде 14 844 адам тұрады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысындағы Қандысу су қоймасының төменгі ағысында 3 елді мекен бар, онда 11 550 адам тұрады. Шығыс Қазақстан облысындағы тағы бір су қоймасы Орта-Теректінің төменгі ағысындағы 1 елді мекенде 250 адам бар. Солтүстік Қазақстан облысындағы Шарық су қоймасының су басу аймағында елді мекен жоқ. Ал Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасының су басу аймағында 9 елді мекен бар, ондағы халық саны 3 044.

Апаттық жағдайдағы су қоймаларды жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеуге республикалық бюджет есебінен қаражат қарастыру мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Қандысу су қоймасына 58,4 млн теңге, Самарқанд су қоймасына 106,6 млн теңге, 2025 жылға Орта-Теректі су қоймасына 42,9 млн теңге бюджеттік өтінім әзірленді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қарастырып жатыр.

Шарық су қоймасы бастапқы маңыздылығын жоғалтуына байланысты және су тұтынушылары болмағандықтан жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етпейді.

Айта кетейік, 2019-2022 жылдар аралығында 3 су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Түркістан облысындағы Таушаға су қоймасы және Досан-Қарабас су қоймасы, Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама