Ресей кинотеатрларында Голливуд орнына қазақстандық фильм көрсетіледі
Қазақстандық «Патриоттар уақыты» экшн-фильмі Ресей нарығына жол тартпақ
Күрделі геосаяси жағдайға байланысты ресейліктер жақсы кинофильмдерге мұқтаж. Осы ретте Ресей тарапынан қазақстандық кинотуындыларға ұсыныс түскен.
Жақында қазақстандық режиссер Серікбол Өтебергенов түсірген «Патриоттар уақыты» фильмі Ресей кинотеатрларында көрсетіледі. Фильмнің авторы - бұрынғы қорғаныс министірі Нұрлан Ермекбаев. Экс-министр жақында «Егемен Қазақстан» басылымына фильм туралы пікір білдірді.
«Еліміздің Қарулы күштері туралы заманауи көркем фильм түсіру идеясы маған сонау 2018-жылдың аяғы – 2019-жылдың басында келген еді. Осы кезге қарай аталған жүйеде шешімін күткен, кемінде, екі мәселе бары айқын көрінді. Біріншісі – көптеген қоғам мүшелері, тіпті, мемлекеттік құрылымдағылар да бейбіт бағыттағы Қазақстанға ешкім де, ештеңе де қауіп төндірмейді деген пікірде болды. Сыртқы басқыншылықты тойтаруға қойылған армия жақын-жуық арада ешкіммен ұрыспайды, ондай жағдай туындамайды, ендеше, оны нығайтып, жаңартуға ақша шашудың түкке керегі жоқ деген ой айтылды», – деп түсіндіреді фильм идеясының авторы Нұрлан Ермекбаев.
Фильмде әсерлі экшн, техникалық тұрғыда сәтті түсірілген әуе шайқастары бар. Одан бөлек кинотуындыда әлемге деген сүйіспеншілік, адалдық және патриоттық туралы баяндалады.
Фильм Қазақстанда 28 сәуірде, ал Ресейде 12 мамырдан бастап прокатқа шығады.