Қазақстанның 9 университеті орманшы мамандығын дайындайды. Бүгінде 2,5 мыңға жуық қазақстандық аталған мамандық бойынша білім алып жатыр, депхабарлайды Halyq Uni.
Семейдегі орман өртінен кейін еліміздегі орман шаруашылығының проблемалары айтыла бастады. Атап айтқанда техникалық жарықтандырудан бастап, қаржыландыру, кадр тапшылығы туралы мәселе көтеріле бастады. Осыған орай, еліміздің жоғары оқу орындарының еңбек нарығына қажетті орманшы мамандығын дайындауын саралап көрдік.
Қазақстанның Ғылым және жоғары ғылым министрлігінің мәліметінше, елімізде орман шаруашылығы, сонадай-ақ орман ресурстары және орман шаруашылығы мамандарын 9 университет дайындайды. Атап айтқанда олар;
Бүгінде аталған орман шаруашылығы бойынша бакалавриат, магистратура мен докторантурада 2 444 қазақстандық білім алып жатыр, оның 2 083-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Былтыр 516 маман оқуын аяқтап, еңбек нарығына дайын кадр болып шыққан, оның 310-ы мемлекеттің гранты бойынша оқыды.
2023-2024 оқу жылына «орман шаруашылығы» бағдарламасы бойынша 230 грант (оның ішінде Серпін бағдарламасы да бар), магистратура бойынша – 20 грант және докторантура бойынша – 10 грант беріледі, – делінген министрліктің жауабында.
Бұған қоса, ведомство түлектердің жұмыспен қамтылуына қатысты сауалға жауап берді. Аталған мамандықтар бойынша 2022 жылғы жұмысқа тұру көрсеткіші 87,8%, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 76,2% құрады.
Аталған мамандық бойынша білім алу арзан емес. Мәселен, бакалавр деңгейінде, ұлттық ЖОО үшін оқу ақысы 826,9 мың теңге, ұлттық емес басқа ЖОО-ларда 742,7 мың теңге. Сондай-ақ магистратура: ұлттық ЖОО үшін 646 мың теңге, ал ұлттық емес ЖОО-да 396 мың теңге. PhD- докторантура деңгейі бойынша, оқу ақысы 1 900 мың теңге.
Еске сала кетейік, еліміздің 14 өңірінде 36 мекемеде орманшы жетіспейді. Оларға ұсынылып отырған жалақы 70 мың теңгеден басталады. Дәл қазір еліміздің электронды еңбек биржасында орманшы мамандығына 123 бос жұмыс орны бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан бойынша 123 орманшы тапшылығы бар екенін жазған едік.