Тәркіленген психотроптық заттардың жалпы салмағы 1 келіден асады
Ақтөбеде есірткі таратқан әйел қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 маусымда Ақтөбе облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бау-бақша ұжымдарының бірінен Ақтөбе қаласының 29 жастағы тұрғынын ұстаған. Жеке тінту кезінде әйелдің қалтасынан салмағы 0,75 грамм ұнтақ зат салынған бір орам табылып, тәркіленді. Әрі қарай оның мекенжайын тінту кезінде есірткі заттары салынған 10 пакет пен электрондық таразы табылды.
Тергеуде күдіктінің бұған дейін бау-бақша ұжымдарында 4 жерге есірткі қойғаны анықталды. Тексеру кезінде ұнтақ зат салынған 70 орама табылып, тәркіленді. Тәркіленген прихотроптық заттардың жалпы салмағы 1 келіден асады. Бұл дегеніміз 2 мыңнан аса бір реттік доза.
Күдікті Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.