Қазақстан болашақта жасыл елге айналуы керек, дейді президент
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірге – таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ботаникалық бақта көшет егіп, қалалық сенбілікке қатысты.
Іс-шараға президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, экология министрі Серікқали Брекешев, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов, эко-волонтерлер, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері қатысты.
Сенбілік барысында мемлекет басшысы эковолонтерлермен және жастар кадрлық резервінің мүшелерімен әңгімелесті. Тоқаев табиғатқа, жалпы экологияға ұқыпты қараудың маңызы туралы айтты. Президент Қазақстан болашақта жасыл елге айналуы керек деп санайды. «Тал дегеніміз – қасиетті ұғым. Біз тал-теректерді, табиғатты қорғауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баршаңызға алғыс айтамын. Сіздер Қазақстанның болашағысыздар. Жаңа Қазақстанды ел болып, ұлт болып, мемлекет болып, бәріміз бірге құруға кірісуіміз қажет. Аманшылық болса, Екінші республиканы өркендетеміз. Жалпы келешегіміз жақсы, айқын, жарқын болатынына ешқандай күмәнім жоқ. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Мен сіздерге сенемін, – деді мемлекет басшысы.
Еріктілер мен президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері экологиялық мәселелер мен бастамаларға үнемі қолдау білдіретіні үшін Тоқаевқа алғыс айтты.
Акцияға қатысқандар 15 түп жөке әрі 35 түп емен көшетін екті.