Нұртай Сабильянов елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуы қажет деп санайды
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысындағы орман өртіне байланысты премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Ол қызметкерлердің жалақысын көтеріп, орман шаруашылығы саласы және өртке қарсы қызметті қаржыландыру мәселесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті жерде болған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Депутаттар Үкіметтің назарын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауалдар жолдаған болатын. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген, – деді депутат.
Ол төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет деп санайтынын жеткізді және бірнеше ұсыныс айтты.
Бірінші – орман және дала өрттерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу жөніндегі нақты жұмыс істейтін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу.
Осы жолы тиісті мемлекеттік органдар арасында үйлестірілген жұмыстың болмауына байланысты қауіпті-қатерді уақтылы болжау және алдын алу мүмкін болмады. Өрт ошағы туралы алғашқы дерек 8 маусым сағат 11:23-те ғарыш аппараттарынан алынып, 8 маусым сағат 13.20-да Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтер базасына берілсе де, қауіп деңгейі лайықты бағаланбады, – деді депутат.
Екінші – өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту. Оның ішінде істеу қажет:
Үшінші – орман шаруашылығы, резерватты басқару орталықтары орналасқан ауылдық елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуы. Оларды байланыс жүйесімен және жылдам интернетпен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету керек.
Төртінші – орман саласының мамандарын даярлау және қолдау, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту.
«Семей орманы» орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет. Орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, олардың жалақысын үнемі арттырып отырған жөн. Сондай-ақ қызметкерлерді арнайы киіммен және жабдықтармен қамтамасыз ету қажет, – деді Нұртай Сабильянов.
Сондай-ақ резерват жанында табиғи апаттармен күресуге арналған арнайы бөлімше болуға тиіс және оны барлық қажетті жабдықтармен, соның ішінде орман қорының жай-күйін бақылауға арналған дрондармен жарақтандыру керек.
Бесінші – төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын көбейту, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жарақтандыру, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу (бұл тұрғын үй мәселесі және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы), сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайту.
Айтуынша, бұл мәселелер кезек күттірмейді, шұғыл шешімдерді қажет етеді. Сондықтан Үкіметке ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, орман шаруашылығы саласындағы және өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді толық қаржыландыру және заңнаманы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселесін қайта қарау керек, дейді депутат.