Елімізде есірткіге тәуелді 18 мыңнан аса адам бар

Динара Амантай

Былтыр мөлшерден тыс қолдану салдарынан 87 адам қайтыс болды

Фото: Halyq Uni

Бас прокуратурада құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктер мен ҮЕҰ-ның өкілдерінің қатысуымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеңес барысында атап өтілгендей, нашақорлықтың алдын алудың қолданыстағы жүйесіндегі тәсілдерді қайта қарауды, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралардың әсерін жоққа шығаратын бірқатар факторларды жою талап етіледі.

Есірткіге тәуелді адамдар статистикасының, олардың өлім себептерінің болмауы, психотроптық заттардың оңай қолжетімділігі, оңалтудың қиындығы, басқа да бірқатар мәселелерді шешу жолдары қызу талқыланды.

Ресми статистикаға қарағанда, елімізде 18,3 мың есірткіге тәуелді адам бар. Былтыр есірткіні мөлшерден тыс қолдану салдарынан 87 адам қайтыс болды. Бұл сандар нақты жағдайды көрсетпейді. ДДҰ болжамдарына сәйкес, елімізде нашақорлар саны 150 мың адамға жетуі мүмкін. Жастар нағыз жарқырап жүретін шағында бауыр циррозынан, жедел жүрек ұстамасынан қайтыс болып жатады. Суицид жасайды. 

Тағы бір мәселе – синтетиканың оңай қолжетімділігі. Қазір кез-келген 12 жастағы оқушы есірткіні телеграм арнасы арқылы сатып алып, оны пицца жеткізуден гөрі тезірек ала алады. Негізінен шетелден басқарылатын есірткі трафигінің қолданыстағы моделі үшін «салымшы» ретінде біздің «жетілмеген» жастарымыз тартылып жатыр. Олар үшін пайда табудың құралы ретінде қызмет етеді, – деді Бас прокуратура департаментінің бастығы Ә.Нұрбеков.

Іс-шара барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мемлекеттік шекарада прекурсорларды әкелуге тосқауыл қоюды қамтамасыз ету, бизнесті дамыту үшін есірткі сатушылар пайдаланатын онлайн-платформалардың қызметін реттеу, есірткіге тәуелді адамдар үшін жеке оңалту орталықтары қызметінің бірыңғай стандартын әзірлеу, тәуелділіктермен жұмыс істеуге маманданған кадрларды даярлау және оқыту, жастармен және олардың ата-аналарымен алдын алу шараларын жандандыру қажеттілігі және басқа да көптеген мәселелер талқыланды.

Әзірленген шараларды іске асырумен ведомствоаралық жұмыс тобы айналысатын болады. Оның құрамына мүдделі ведомстволар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.