Рұқсат етілген төрт жер бар: Астанада қай жерде суға шомылуға болады?
21 учаскеде қосымша бейнебақылау камералары орнатылған
Жаздың ыстық күндері жағажайда демалушылар қатары қалың болады. Сондықтан суда қауіпсіз демалу үшін тиісті ережелерді сақтау қажет, деп ескертеді Астана әкімдігі.
Әкімдіктің хабарлауынша, Астана қаласында шомылуға арналған 4 орын белгіленді:
- Орталық жағажай;
- «Три пескаря» демалыс аймағы;
- «Астаналық аула»;
- Ш.Бейсекова көшесіндегі көпір маңындағы коммуналдық жағажай.
Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2gis» платформасында орналастырылған. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе туындаған кезде тиімді шешімдер қабылдау мақсатында шомылуға тыйым салатын 21 учаскеде қосымша бейнебақылау камералары орнатылған.
Сонымен қатар, шомылу кезеңінде күнделікті патрульдеуге 50 сүңгуір құтқарушы, 15 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 6 бірлік жүзу құралдары тартылған.
Шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда ашылады. Арнайы жабдықталған орындарда: жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылар патрульдейтін орындарда шомылған дұрыс, – деп ескертеді әкімдік.