Табылған тапанша Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған
Жетісу облысында қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақталған орын анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше Жетісу облысы ПД ҰҚККБ жедел қызметкерлері мен ҰҚКД қызметкерлері Сарқан – Екіаша автожолының 5 шақырымындағы суармалы арықтан полиэтилен пакетке оралған атыс қаруы мен оқ-дәрілер тапты.
7 патронмен жарақтандырылған «Байкал» тапаншасы, бір ауызды аңшылық мылтығы, 12 калибрлі шолақ мылтық, маркасы белгіленбеген, сериялық нөмірлері жоқ газ тапаншасы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 105 патрон тәркіленді. «Байкал» тапаншасы былтыр Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды, – деп хабарлады Жетісу облысы ПД ҰҚККБ бастығы Сарқытбай Құсайынов.