Лауазымды тұлғалардың ешқайсына әлі айып тағылған жоқ – Бас прокуратура

Дәурен Ерболат

Тергеу тобы оқиға орнында жүр

Жандос Өмірәлиев, Бас прокурордың орынбасары

15 орманшы қаза тапқан Абай облысындағы алапат өртке қатысты құрылған тергеу тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Бүгінде лауазымды тұлғалардың ешқайсының іс-әрекеті сараланған жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан прокурорға БАҚ өкілдері «Тергеуге байланысты экс-төтенше жағдай министрі Юрий Ильинге Қазақстаннан шықпау туралы шектеу қойылды ма? Бас прокуратура шенеуніктердің іс-әрекетін саралағанша, олар Қазақстаннан кетіп қалмай ма?» деп сұрақ қойды.

Жандос Өмірәлиев тергеу енді басталғанын атап өтті.

Жоқ, қазір бұл қылмыстық іс бойынша ешкімнің іс әрекеті сараланған жоқ. Тергеудің басталғанына шамалы ғана күн өтті. Сондықтан мұнда сіз айтқан лауазым иесі де және басқа да лауазым иелеріне әлі қылмыстық іс бойынша статус жоқ. Олардың іс әрекеті сараланбады. Тиісті тергеу тобы барлық шараны қолданып жатыр, - деді Бас прокурордың орынбасары.