Halyq Uni логотип
×

Түркістанның экс-әкімі денсаулығына байланысты сотқа келуден бас тартты

Рашид Аюпов 9-10 маусымда өзін нашар сезініп, медициналық көмекке жүгінген

 Айгерім Таубай 14.06.2023 | 11:01
Түркістанның экс-әкімі денсаулығына байланысты сотқа келуден бас тартты
коллаж: Halyq Uni

Түркістан мен Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюпов денсаулығына байланысты сотқа қатыспады, деп хабарлайды Halyq Uni.

14 маусымда Аюповке қатысты сот процесі басталуы қажет еді. Алайда сотталушы сот залына келмей, істі қарайтын судья Қажымұқан Мекемтас атына өтінішхат жолдады.

Рашид Аюпов өтінішхатта 9-10 маусымда өзін нашар сезініп, медициналық қызметкерді шақырғанын жазған.

Соған байланысты 14 маусымдағы сот отырысын кейінге қалдырып, 15-16 маусымда сот процесін денсаулығына байланысты онлайн форматта өткізуді сұрап отыр, - деді судья Қажымұқан Мекемтас.

Сотталушының адвокаты Руслан Муханбетжанов Аюповтың өзі болмаса, сот процесін бастай алмайтындарын алға тартты. Іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Раушан Ақшораева да өтінішхатқа қарсылық білдірмеді.

Осылайша сот отырысы 15 маусымға қалдырылды.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамырында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Рашид Аюповке қатысты тергеуді аяқтады. Ақпаратта Аюповтың 2013 жылы премьер-министр кеңсесінің қызметкері болып, ірі жекеменшік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндіргені айтылған.

Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген.

Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр, - делінген ақпаратта.

Рашид Аюпов 2022 жылдың 17 қазанынан бері Астана қаласы бойынша түзеу қызметі департаментінің № 64 (СИЗО) аралас күзет мекемесінде қамауда отыр.

Ол 1981 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Ол әр жылдары Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Кентау қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама