Полиция бөліміне 8 айыпталушы жеткізілді
Ақмола облысының Полиция департаментінің арнайы құрылымы арнайы операция нәтижесінде Щучинск қаласында Бурабай ауданының аумағында бопсалаумен айналысатын жас жігіттерден тұратын қылмыстық топты ұстады.
Тексеру барысында бопсалаушылардың жергілікті тұрғындарды, негізінен жастарды мобильді банкинг арқылы ақшалай және тауарлық несие алуға мәжбүрлегендері, ал бас тартқан жағдайда зорлық-зомбылық көрсетіп қорқытқаны анықталды. Қылмыстық топқа қатысты дәлелдеме базасын жинау үшін ҰҚҚ қызметкерлері бірқатар жедел іс-шаралар өткізді. Соның нәтижесінде бопсалау, тонау, алаяқтық жасау және қылмыстық қақтығыстарға қатысу деректері анықталып, ресми түрде құжатталды және қылмыстық істерге тіркелді.
Арнайы операция барысында полиция қызметкерлері тінту іс-шараларын жүргізіп, қатысушылардың ұялы телефондарын тәркіледі. Төрт дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөлігі және 194-бабының 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүріп жатыр.
Полиция бөліміне 8 айыпталушы жеткізілді, оның 4-еуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер ұсталғандардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың барлығын анықтау бойынша кешенді жедел және тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.