×

Қазақстанның шақыртуымен Шыңжаңнан 20 қазақ отбасы көшіп келді

«Отандас ел» қоғамдық бірлестігі 100 қазақ отбасына шақырту жіберген

 Айнұр Шошаева 23.04.2022 | 00:28
көрнекі фото: otdyhateli.com

Бүгін, 22 сәуірде Қытайдың Шынжаң өлкесінен 20 қазақ отбасы Алматыға ұшып келді. Оларды Алматы әуежайынан күтіп алған «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұқан Мамытхан осыдан бес жыл 2017-2018 жылдары Қытайда тұратын 100 отбасыға көші-қон шақыртуы жіберілгенін айтады.

Бүгін соның алғашқы бөлігі келіп жетті. Біздің есебіміз бойынша жыл соңына дейін шақырту жібергендер түгел көшіп келуге тиіс, - дейді Мұқан Мамытхан.

Атамекеніне оралғандардың бірі Оралтай Нұрдынайдың айтуынша, Қытай билігі қазір тек отбасымен толық көшетіндерге ғана рұқсат беріп отыр. Ол Құлжа қаласынан келген, отбасында жеті адам бар.

«Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің ақпараты бойынша, тарихи отанына оралған 20 отбасы уақытша Алматы облысына орналастырылады.

Еске салайық, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 3 078 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, «қандас» мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 90,1 мың этникалық қазақ оралған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама