×

Талдықорғанда пәтерді заңсыз алған мамандық иелері анықталды

Кезектен бұрын баспаналы болғандардың арасында журналистер де бар

 Дастан Жұмабекұлы 13.06.2023 | 17:10
фото: ашық дереккөз

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласында пәтерді алған мамандық иелерін айтып берді.

Облыс әкімі  мемлекеттік қызметшілердің, журналистер, спортшылар мен әртістердің заң талаптарын айналып өтіп,  пәтерді заңсыз алғанын айтты. Оның айтуынша, Талдықорғанда 1 мыңнан астам пәтер заңсыз берілген.

2010 жылдан бастап түрлі себептерге байланысты Талдықорған қаласында үй алу үшін кезек күткендер саны 15 мыңға жуықтады. Соңғы 3-5 жылда жеке тұрғын үй құрылысына бірде-бір жер учаскесі бөлінген жоқ. Бұдан басқа, барлық өңірлер 2016-2017 жылдардан бастап «КЕЗЕКТЕ» электрондық базасының жаңа тәртібімен жұмыс істей бастады. Ал біздің өңірде, яғни Талдықорғанда 2021 жылдың аяғынан 2022 жылдың басына дейін кезекке қою 19 санат бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, кезек күткендер электрондық базаға енгізілмеді. Ал «КЕЗЕКТЕ» бойынша электрондық базалар тек 6 санат бойынша ғана жүргізіледі. Нәтижесінде осындай түсініксіз жағдай болды, –  деді Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Осыған байланысты ол кезек реті сақталмай, адамдардың кезегі кейінге сырғығанын атап өтті. Соның кесірінен қала тұрғындары наразылық білдіріп, мәселе көтере бастаған. Сонымен қатар, тексеру кезінде Талдықорғанда 1218 пәтердің заңсыз берілгені белігілі болды.

Ең өкініштісі заң талаптарын сақтамағандардың арасында мемлекеттік қызметшілер, журналистер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар мен әртістер де бар. Олар барлық заңнамалық актілерді өрескел бұза отырып, кезекті айналып өтіп, пәтерлер алған. Біз олармен бір жыл бойы күресіп келеміз. Мен нақты аты-жөндерін атағым келмейді, –  деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі күні 500-ге жуық пәтер заңдастырылған. Ал, 10-ға жуық баспана мәселесімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі айналысып жатыр. Тағы 100-ден астам пәтерге қатысты іс сотта қаралуда.

Тағы бір айқын дәлел –  2002-2003 жылдардан бастап 2022 жылға дейін жүргізілген кезекке қатысты барлық қағаз құжаттар мен олардың электронды нұсқалары жойылған. Осылайша, жүйеден 1700-ге жуық адам шығарылып тастаған. Біз бір жыл бойы осы кезекті қалпына келтірумен айналыстық. Мұның себепсіз жасалмағанын өзіңіз түсініп отырсыз. Сондықтан бұл проблемамен біздің құқық қорғау органдары айналысады, кінәлі адамдар жазаланады, –  деді ол.

Әкім заңдастырылған пәтерлер нақты мұқтаж жандарға қайта бөлінетінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама