СІМ ресми өкілі әлеуметтік желіде тараған ақпарды жоққа шығарды
Германиядағы Мұстафа Шоқайдың зираты бұзылмайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Айбек Смадияров Германиядағы елшілік қызметкері әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексергенін атап өтті.
Біздің елшіліктің (Қазақстанның Германиядағы елшілігі) қызметкері сонда барып, зираттың қызметкерлерімен сөйлесті. Ол фото, видеоға түсіріп, жағдайды өз көзімен көрді. Мұстафа Шоқайдың зираты орнында. Ол ешқайда көшірілмейді. Егерде бір жағдай болса, Германия тарапы бізге ескертеді. Сондықтан мұндай өтірік ақпаратты таратуды тоқтату керек, - деп жауап берді.
Түркияда тұратын тарихшы ғалым, шоқайтанушы, Мимар Синан көркемөнер университетiнiң профессоры Әбдуақап Қара да аталған ақпаратты жоққа шығарды.
Қазақтың біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсан күні Берлинде қайтыс болды. Сонда марқұмның жұбайы Мария Горина түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған Мұстафа Шоқайдың денесін Берлиндегі түрік зиратына жерлеуге мұрындық болды.
Еске салайық, бұған дейін Halyq Uni тілшісі шет мемлекеттерде жерленген қазақтың біртуар тұлғалары туралы жазды. Алайда олардың кесенелері мен бейіттері еліміздің мүліктік мұрасы болып саналмайды.