Halyq Uni логотип
×

Димаш Құдайбергеннің атасы 82 жасына қараған шағында өмірден өтті

Димаш бала күнінде атасы Құдайберген Айтбаевтың қолында өскен

 Айгерім Таубай 13.06.2023 | 13:37
Димаш Құдайбергеннің атасы 82 жасына қараған шағында өмірден өтті
Фото: Қанат Айтбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің атасы Құдайберген Айтбаев 82 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Астана әкімдігіне қарасты Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров жеткізді.

Halyq Uni елдің мәдениет саласына елеулі үлес қосып жүрген ұл-қызды тәрбиелеген Құдайберген Айтбайұлының өміріне шолу жасап, естеліктерін жинақтады.

БІР ҰЛ, ЕКІ ҚЫЗ ТӘРБИЕЛЕГЕН

Елу жылдан аса уақыт бұрын отасқан Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамутдинова ұл мен екі қызды, сонымен қатар он шақты немерені тәрбиеледі.

Менің баламның жанашыры болғандарыңызға шын жүректен ризамыз. Осы баланың тілеуін тілеп жүрміз. Қайда барсақ та, кіммен кездессек те Димашты айтады. «Осы бетінен таймасын», «балаңыздың қарапайымдылығы ұнайды» деген сөздері сондай ұнайды. Қандай ұлық болсаң да, кішік болғаның жақсы, - деген еді Құдайберген Айтбаев немересі жайлы.

Ал әжесі Миуа Низамутдинова Димаштың жанкүйерлерін де жақсы көретінін айтқан.

Айта кетейік, 2018 жылы Құдайберген Айтбаевтың отбасы Ақтөбедегі ең бақытты әрі атақты отбасы атанды. Отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанғаннан кейін алғыс хат пен шипажайға жолдама берілді. 

ДИМАШ АТА-ӘЖЕСІНІҢ БАУЫРЫНДА ӨСКЕН

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев тұңғышының ата-әжесінің бауырында өскенін айтады. Айтуынша, Димаш өмірге келген кезде өзі жас маман, ал әйелі студент болған.

Сол себепті Димаш тілі шыққан кезде ата-әжесін «мама, папа» деп атаған.

Ата-әжесінің ыстық ықыласына бөленіп өскен бала жаман болмайды. Димаш та қазақы тәрбиенің қазанында қайнап, мейірімге бөленіп, емінеркін өсті. Ата-анам бес жасынан оны мектепке жетелеп апарып, жетелеп алып келетін. Бір сәт қастарынан тастаған емес, - деген Қанат Айтбаев сұқбаттарының бірінде ата-анасы жайлы.

ӘКЕ ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР

Қанат Айтбаев бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында әкесі, балалық шағы туралы естелігін бөліскен еді. 

Үйге қонақ көп келеді, анам ас əзірлеп, əкем меймандармен əңгіме дүкен құрады. «Ағалардың жақсы сөзін тыңда» деп əкем қасына алып отырады... Кей күндері жұмыстан кейін қолына домбырасын алып, Қазанғаптың, Құрманғазының күйлерін төгілтеді, үйдің іші сиқырлы үнге толады, бəріміз беріле тыңдаймыз... Өзінің ұстаздарының, құрметтеп, сыйлайтын азаматтардың жақсы істерін мысал етіп айтады. Басты принципі «Ұлық болсаң, кішік бол», «Біреудің ала жібін аттама». Осыны үнемі қайталап отырады, - деп жазған Қанат Айтбаев.

Ол қанша жаста болса да әкесіне еркелегісі келіп тұратынын да жазған.

Кешке таман əкем жұмыстан келетін кезде бəріміз дайындаламыз – əпкем мен қарындасым су сеуіп есіктің алдын сыпырады, анам самаурынға от салып, ағаштың көлеңкесіне көрпе төсеп, дастархан жаяды. Мен қолға су құятын құман əзірлейміз... Отбасымызбен шүйіркелесе отырып кешкі салқынмен шай ішеміз, деп жазған Қанат Айтбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама