Балалар жылы: Таразда оқушылар тегін секциялардан қағылды
Әкімдік биыл тегін секцияларға деп 500 млн теңге бөлген, бірақ ол екі ай ішінде таусылған
Әулиеатадағы спорт секцияларының басшылары облыс әкімдігінің алдына жиналды. Себеп – Тараздағы тегін үйірмелер енді ақылы қызмет көрсетпек.
Шығармашылық үйірмелерінің жетекшілері мемлекеттен бөлінетін субсидияның тоқтап тұрғанына жарты жылға жуықтағанын айтады. Соның салдарынан ArtSport бағдарламасы бойынша білім беретін мамандар айлығын ала алмай отыр. Ұстаздардың сөзін сөйлеп келген 70-ке жуық ата-ана да облыс әкімінің ел алдына шығуын талап етті.
Таразда 60-қа жуық үйірме оқушыларды үйіріп әкете алмай отыр. Өйткені, бюджеттен бөлінетін ақша 4 айдан бері аударылмаған. Ата-аналар балаларын қосымша оқытатын үйірмелердің тегін болуын талап етіп отыр. Субсидия беру тоқтатылған соң, үйірме басшылары сабақтан тыс секцияларды ақылы етуге мәжбүр болған.
«Би үйірмесінің жетекшісімін. Жалақымды алмағаныма үш айдан асты. Қаржыландыру тоқтады. Қанатымның астындағы қаншама баланы қалайша далада қалдырмақпын? Жағдайымыз қиын, қазір ғимаратты жалға алу құнын төлей алмай отырмын. Қаншама баланың тағдырына бей-жай қарап отырсыздар. Олардың арасында қаншама болашақ жұлдыздар бар», – дейді би үйірмесінің жетекшісі Аягөз Қарабаева.
Үйірме жетекшілерімен бірге облыс әкімдігі ғимаратының жиналған ата-аналар да субсидия бөлуді талап етіп отыр.
«Болашағымыз балалардың қолында» дейміз. Онда неге Балалар жылында оларға жағдай жасамаймыз? Ақша бөліңіздер. Өйткені көпбалалы аналар бар, жағдайы жоқ отбасылар бар. Бәрі осы үйірмеге қатысып жатыр. Ылғи жүлделі орын алып жүр. Балаларды қолдау керек. Енді немерелерімнің барып жүрген үйірмелерінің бәрі ақылы болса, оны қалтамыз көтермейтіні анық», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Дарина Туғанбаева.
Ал, әкімдіктегілер биыл тегін секцияларға 500 млн теңге бөлінгенін айтты. Бірақ ол бала санының өсуінен 2 ай ішінде таусылған. Қазір ақша бөлудің басқа амалы қарастырылып жатыр. Алайда, әкімдік әмиянынан қаржы шығара алмайтынын жеткізді.
Біз бұл бағыттағы жұмыстарға деп қомақты қаржы бөлдік. Алайда, жыл басынан бері үйірмелерге жазылған бала санынының көптігіне байланысты ақша бітіп қалды. Облыстық бюджетте ақша аз. Сондықтан басқа жолын қарастырып жатырмыз. Министрлікке қолдау көрсету туралы хат жібердік», - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.
Тегін үйірмеге деп бөлінген қаражаттың не үшін тез арада түгесілгенін шенеуніктер де түсінбей дал. Енді балалар үшін берілген субсидияның қалай жұмсалғанына қатысты тексеріс жүргізілмек.
«Осы күнге дейін тексермеген себебіміз - заң аясында құзыретіміз жоқ. Сондықтан тексере алмадық. Енді облыс басшысы өзі тапсырма берді, осы екі аптада белсенділер мен біздің арамыздан топ құрылып, тексерісті бастаймыз», - деді Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.