Сарапшы мемлекеттік тапсырыс қабылдайтындардың барлығы дерлік алыпсатар екенін айтты
Мемлекеттік Туды дайындауда матаның негізінен: тор, габардин, атлас деп аталатын үш түрі қолданылады. Кез келген мемлекеттік органның тапсырысында осындай техникалық сипаттамалары жазылып тұрады.
Осындай мемлекеттік рәміздерді дайындаумен айналысатын компания директоры Жанат Қиынбаевтың айтуынша, Мемлекеттік Тудың 1х2 метр көлеміндегі түрі ең өтімдісі саналады.
Айына шамамен оның 2-2,5 мың данасын дайындаймыз. Ал Елтаңбаға келсек, ең жиі тапсырыс 500 мм көлеміндегі түріне түседі. Оның айына шамамен 500-дей данасын өндіреміз. Біз дайын өнім сатып алмаймыз. Өзімізде дайындайтын қалыбы бар, соны қолданып, өзіміз жасаймыз. Қандай технология мен құрылғы қолданылатынын айта алмаймын. Жалпы, Тудың да, Елтаңбаның да материалы сапалы болуы керек, – дейді ол.
Компания басшысының сөзінше, олар мемлекеттік органдардың бәрімен дерлік жұмыс істейді. Оның ішінде балабақшадан бастап министрліктерге дейін тапсырыс қабылдайды. Жалпы, тапсырыс жылдың аяғына қарай көп түсетін кездері болатынын айтады. Дегенмен, қазірдің өзінде де аз емес. Өйткені, мемлекеттік мерекелердің бәріне тапсырыс алдын ала жасалады. Сондықтан белгілі бір айда қарбалас балталады деуге келмейді.
Біз сияқты компания негізі көп. Өйткені, кезінде бәріне бірдей сертификат беріп тастаған. Қандай талаппен берілгені беймәлім. Бірақ олар өндіріспен айналыспайды. Бұл мәселе өз алдына бөлек үлкен мәселе. Қарабайыр сөзбен айтқанда, алыпсатарлар. Яғни, дайын өнімді сатып алып, соны мемтапсырысқа қойып беріп отырады, – дейді ол.
Жанат Қиынбаевтың ойынша, нарықта осы мемлекеттік рәміздерді өзі дайындап шығаратын 1-2 компания болуы мүмкін. Оның өзінде өзгелерінің өндіріс көлемі айтарлықтай аз деген пікірде.
Жалпы, мемлекеттік рәміздер бойынша мемлекеттік сатып алу порталында ай сайын едәуір көлемде тапсырыс жарияланып отырады. Мәселен, шілденің өзіне 291 мемлекеттік туға тапсырыс берілген. Тапсырыс берушілердің көбі әдетте мемлекеттік органдар болатын. Әйтсе де арнаулы қызметтер мен коммуналдық мекемелер де жетерлік. Тапсырыстардың ішінде қомақтысы 9,5 млн теңгеге дейін барады. Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі осынша көлемдегі қаражатқа мемлекеттік ту алдырмақшы.
Елтаңбаға келсек, шілдеде мердігерлер келісімшарт бойынша түрлі мемлекеттік органдар мен қызмет мекемелеріне 65 данасын жеткізіп беруі керек. Олардың да арасында құнын жағынан ерекшеленіп тұрғандары бар. Айталық, Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін Жетісу өңіріндегі мекеме атаулары түзетіліп, сонымен бірге қазіргі Алматы облысына жаңа мемлекеттік нышандар қажет болды. Соның негізінде Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Мемлекеттік Елтаңба алдыруға 1 138 392.86 теңге жұмсамақ. Жетісу облысындағы дәл осы қызмет мекемесі де 1,1 млн теңге қарастырып қойған.