Дастархан мен көлікке рұқсат па? БҒМ биылғы мектеп бітіру кештері қалай өтетінін айтты

Қымбат Елтайқызы

Білім министрлігі мектеп бітіру кешін өткізуге қатысты ұсыныстарын білдірді. Тыйымдар да белгілі болды

фото: Halyq Uni

Биыл эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты түлектердің мектеп бітіру кеші өтеді. Бірақ бұл іс-шараның барлығы мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс. Білім және ғылым министрлігінің ұсыныстарын БҒМ МДОБК тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасының басшысы Самал Қадырова айтып берді.

Жоғары сынып оқушылары мектеп бітіру кешін асыға күтетіні белгілі. Өйткені бұл өмірдің жаңа кезеңін білдіреді. Соңғы екі жылда коронавирус мектеп пен ұстаздардың дәстүрлі қоштасу кешін өткізуін тоқтатып тастады. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай мұндай кешті өткізуге мүмкіндік береді. Бірақ кештің барлығы міндетті түрде мектеп қабырғасында өтуі керек. Мектептердің қамқоршылық кеңестері мен білім басқармалары түлектердің ата-аналарына бұл іс-шараларға шығындалудың тиімсіз екенін түсіндіруі қажет. Бұл сұрақ - күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі», - деді Қадырова.

Мектеп бітіру іс-шараларына мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдар, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, білім бөлімдері, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері және басқалар қатыса алады.

Мектеп бітіру кеші білім беру ұйымының өз күшімен ұйымдастырылуы керек. Мынадай мәселелерге рұқсат етілмейді:

  • аниматорлар, мерекелік агенттіктер, ақылы әртістер, жеке студияларды мерекелік шараларға тартуға;
  • мерекелік дастархандар ұйымдастыруға;
  • автокөліктерді жалға алып, қала (аудан) бойынша экскурсиялар өткізуге;
  • мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар алу үшін ақша жинауға;
  • ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға.

Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекесі 25 мамырда өтеді. Аттестат салтанатты түрде 16-17 маусымда тапсырылады.