Halyq Uni логотип
×

«Әпшу сұрау баланың жеке шекарасын бұзады»: Сарапшы бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтты

Кей балаларға бетінен сүйген ұнамайды

 Айнұр Шошаева 13.06.2023 | 10:36
«Әпшу сұрау баланың жеке шекарасын бұзады»: Сарапшы бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтты
Коллаж: Halyq Uni

Балаға кішкентай жасынан бастап жеке қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті үйрету керек. Баланың қауіпсіздігі бойынша мектептің негізін қалаған тренер Бота Ибраева ол жауапкершілікті неден бастау керек екенін айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасы өзекті мәселе. Қоғамда түйінді сұрақ ретінде қарастырылатын осы жағдайдың туындау себептері көп қырлы. Мамандар көбіне суицидке дейім жасөспірімдердің бала кезіндегі кейбір психологиялық келеңсіздіктері мен жеке шекарасының сақталмауымен түсіндіреді. Осы орайда, балалар психологы Бота Ибраеваның бұл тақырыпты зерттей бастағанына бір жылдан асты. Бүгінде ол балалар мен ата-аналарына қауіпсіздік мәселесі бойынша тренинг өткізумен айналысып жүр. 

«Біз балаларды үнемі қолынан сүйреп жүре алмаймыз. Балаға өзінің жеке қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті үйрету керек. Қазіргі уақытта әр балаға өз өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікті сіңіру маңызды. Ата-анасы мен үлкендер үнемі оның қасында жүрмейді. Қарапайым мысал, бала үйдің ауласындағы дүкенге өзі барып, келе алуы керек. Ата-анасы подъдезде немесе аулада баласына ештеңе болмайтынына сенімді болуы керек. Ол үшін бала өзі кездесуі мүмкін қауіп-қатерден құтыла алатындай белгілі нәрселерді білуге тиіс. Біз арнайы курстарды өткізіп, оны үйретеміз», – деді ол. 

Оның пікірінше, бала ата-ана мен тренердің айтқан ақпаратын екі түрлі қабылдайды. Себебі әке-шешесі балаға көп шектеу қояды деп есептейді. 

Ата-аналар «баланың қауіпсізігі бойынша тренердің қажеті қанша, өзім де үйрете аламын» деп ойлайды. Алайда олар балаға тым көп тәртіпті айтып, тыйым салады. «Ананы болмайды, мынаны болмайды» деп шектейді. Бірақ оның салдары не болатынын түсіндірмейді. Балалар көп жағдайда ата-ананың емес, мұғалімнің айтқанын тындайды. Әке-шешелері бірдеңе айтса, «мұғалім былай деген» деп салғыласа кетеді. Тіпті, үй жұмысын істеп отырғанда үйлегілерін тындамай, жылайтын балалар бар. Өйткені бала ата-анасын эксперт ретінде қабылдамайды. Ал баланың қауіпсіздігі бойынша тренерді эксперт ретінде қабылдайды, – деп түсіндірді. 

Сондай-ақ сарапшы ата-аналар бала тәрбиесінде жіберетін бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Мәселен үлкендерді тыңдау керек дегенді жиі айтады, алайда қай уақытта тыңдамау керек дегенді түсіндірмейді, деп есептейді. 

«Жақында Алматы облысында болған оқиғаны алайық. Музыкалық мектепке бара жатқан қызды ер адам «чупа-чупс әперемін» деп алдап, басқа ауылға алып кетті. Оны бөтен ауылдың ауласындағы бір әйел құтқарып қалды. Ол бейтаныс адамның көлігіне неге отырды? Бәлкім ересек адамның беделіне иланды. Себебі ата-аналар балаға «үлкендерді тыңдау керек» деп айтады. Бірақ үлкендердің бәрін тыңдай бермеу керек дегенді түсіндірмейді. Үлкендердің ішінде қауіптілері де болады. Ата-аналар көп жағдайда баламен ондай тақырыпта сөйлесуге қорқады. Жабық тақырып. Мәселен сондай жаңалық шықса, оны оқып, талқылайды. Өйткені ол бөтен адамның оқиғасы. Ал өз баласына ол туралы түсіндіруден қашады», – деп қосты тренер. 

«БАЛАҒА 2 МЕТРДЕН АРТЫҚ ЖАҚЫНДАУҒА БОЛМАЙДЫ»

Бұған қоса, тренер Қазақстанда ата-аналар баланың жеке шекарасына көңіл бөлмейтінін атап өтті. Әр баланың жеке шекарасы болады және оны ешкім бұзбауы керек. 

Қазақтарда баланың бетінен шымшып, сүйіп, тіпті ұл баладан «әпшу бер» деп сұрап жатады. Өз басым бұны құптамаймын. Мысалы, бөтен біреу «әпшу» сұраса, бала шынайы қауіпті ойын деп қабылдауы мүмкін. Қазақстанда баланың шекарасын ата-анасының өзі жиі бұзады. Жақында бір мектепте өткен тренингке қатысқан оқушы «Маған үйге келген туыстарым мен қонақтардың бетімнен сүйіп, айналып-толғанғаны ұнамайды. Соны айтсам, анам «ұят болады, мінез көрсеттің деп ұрсады» деді. Бұл мінез көрсету емес, өзінің жеке шекарасын қорғау дер едім. Бала – ол тұлға, оның да жеке шекарасы бар. Ересектер оны қабылдап, санасуға тиіс. Ересектер мінез көрсетуге болмайды деп айтады. Ересек адамның беделі қосылады. Бір күні қауіпті адамға тап болса, мінез көрсетуге болмайды деген түйсік пайда болуы мүмкін, – деді Бота Ибраева. 

Өзінің тренингтерінде балаларға қауіпсіз арақашықтық туралы түсіндіреді. Мәселен далада бейтаныс адамнан екі метр қашықта жүру қажет. Егер бұл қашықтан жақын келіп, ұнамсыз әрекет жасаса, дереу қауіпсіздік шарасын қабылдауға кеңес береді. Атап айтқанда, дереу қауіпті адамнан қашуға кеңес береді. Алайда мұндай жағдайда подъезд, лифт сияқты жабық жерге кіруге болмайтын атап өтті. 

Жеке шекара көзге көрінбейді. Сондықтан оны түсіндіруде әр баланың жасына қарай қолданылатын сөздігі, терминдері бар. Кішкентай балаға айтуға болмайтын сөздер бар. Жасөспірім мен 15 жастан асқан балаға басқаша түсіндіріледі. Адамның интимді және интимді емес жерлері болады. Оған тиісуге ешкімнің де хақысы жоқ деп үйретеміз. Мәселен, баланы дәрігерге әкелгенде оны тыңдау үшін жейдесін көтеріп немесе шешіндіре бастайды. Дәрігерлер баладан «ұстасам немесе киіміңді шешсем бола ма?» деп рұқсат сұрамайды.  Жалпы баланың қауіпсіздігі туралы курсты ата-ана, ұстаздармен бірге дәрігерлерге де өту керек. Қоғам баланың жеке шекарасы қалай қалыптасатынын білуге тиіс және оны бұзбауы керек, – деп толықтырды сөзін. 

Бұдан бөлек, тренер балаларға адамның сырт келбеті емес, іс-әрекеті қауіпті екенін түсіндіреді. Егер әрекеті күдікті болып көрінсе, ол туралы ата-анасына айтуы керек.  

«Біз тренингте ата-аналарға балаларымен бірге сенім шеңберін сызғызамыз. Жалпы бұл да маңызды мәселе. Шеңбердің ортасында баланың өзі, келесі шеңбер ата-анасы жазылады. Одан кейін басқа да жақындары, яғни бала өзі сенетін немесе сенуге болатын адамдарды қояды. Бұл шеңберді анасы баласымен бірге сызып, оны көзге көрінетін жерге іледі. Уақыт өте келе, ол шеңбердегі кейбір адамның сенімнен шығуы немесе орнына жаңа адам пайда болуы мүмкін. Әр отбасыда құпия мәлімет болады. Мысалы, көлікті сатып ақшасын үйге тығып қойды дейік. Үйде ақша барын кімге айтуға болады немес болмайтынын бала түсінуі керек. Яғни ата-ана баласына кімге, нені айтпау керек екенін түсіндіру маңызды», – деді ол. 

«БАЛА ҚАУІПТІ СЕЗІНСЕ НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?»

Баланың қауіпсіздігі қоғамдағы өзекті мәселе. Алайда Қазақстан қоғамы оны қамтамасыз етуге келгенде әлі де бейқам деп есептейді сарапшы. 

«Президент бала құқығы мен қауіпсіздігін күшейту туралы тапсырма берген соң қозғалыс басталғандай еді. Ақпанда әкімдікке барып, жобаны таныстырдым. Олар пилоттық жоба ретінде қалада бұл тәжірибені енгізуге дайын екенін мәлімдеді. Білім басқармасы «Алтынсарин атындағы институттың сараптамасы керек» деді. Ол институтқа құжаттарды жібердім. 2-3 аптадан соң институт сараптама жасамайтынын айтып, білім мазмұнын сараптау орталығына жолдады. Бұл орталық құжаттарды қарап, сараптама жасамайтынын айтты. Олар тек оқулықтардың мазмұнын ғана сараптайды екен. Президент нақты тапсырма берсе де, жергілікті жердерде орындалмай отыр. Жергілікті шенеуніктер бастама көтеруден қорқатындай. Себебі бюджеттен тренингке қаржы бөле алмайлы, ал ата-аналардан ақша жинаса, соңы үлкен дауға айналуы мүмкін», - деді ол. 

Бүгінде тренер жеке шекара мен қауіпсіздіктен бөлек, антибуллинг, киберқауіпсіздік, антитеррор бойынша тренинг өткізіп жүр. 

Киберқауіпсіздік туралы тренингте парольден бастап, интернетті қолдану кезінде есте сақтауы тиіс қарапайым қағидалар туралы түсіндіреміз. Интернеттің ар жағында отырған адам қылмыскер немесе алаяқ болуы мүмкін. Мысалы, интертентте танысқан адам жасөспірімдерден жалаңаш түскен суреттерін сұрап, оған лайк қоямыз деп алдаған кездер болды. Бір сөзбен айтқанда баланың қызығушылығымен ойнайды. Мұның соңы оны порнографияға тартуы мүмкін. Сондай-ақ мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама түсетіні жасырын емес. Тіпті, шын террор болған кезде не істеу керек? Мысалы, қасқөйлерді ашуландыратын әрекет жасауға – жылап, айқайлап, көзінше қашуға болмайды. Егер ешкім көрмеген жерде болса, ол жерден тезірек қашып шығу керек. Бұл үшін бала эвакуациялау жоспарын білуге тиіс. Ол көбінесе жоғары жақта орналасқан. Негізінде ол баланың көзімен бірдей жерде тұруы керек. Жалпы мектептерде баланың кіріп, шығуы, тәртібі сияқты мәселелерге үйретеді. Алайда шұғыл жағдайлар кезіндегі әрекеті қандай болу керек дегенді үйретпейді, – дейді Бота Ибраева. 

Сондай-ақ сарапшы тренинг кезінде балалармен практикалық жаттығулар жүргізеді. Бұл баланың ақпаратты қабылдап, сіңіруіне көмектеседі. 

«Қазақстанда тегін тамақ тарату сияқты акицялар жиі болады. Паникаға түскен көпшіліктің арасында қалып қойған бала не істеуі керек? Тренингте балалардың қатысуымен қойылым қойып, осының бәріне жауап беріледі. Моральдік және физикалық тойтарыс беру туралы да арнайы жаттығу бар. Айталық біреу далада баланы қолынан ұстап әкете бастаса, жаттығуға бармаған бала тойтарыс бере алмайды. Бір қап картоп деген әдіс бар. Бөтен адам баланы басқа жаққа алып кеткісі келсе, бала жерге отырып, бар салмағымен жүрмей қоюы керек. Жатып алып, жерді тіреп келе жатқан баланы сүйрету оңай емес. Әрі бұл айналадағы адамдардың назарын өзіне аударады», – деп қорытындылады баланың қауіпсіздігі бойынша тренер Бота Ибраева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама