Рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр
Атырау полицейлері мұнай өнімдерін жасырын тасымалдаудың екі дерегін анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
Атырау облысында 7 маусым мен 5 шілде аралығында еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытпен көзделген стандарттарға сәйкес келмейтін бензин бактарында тасымалдауға жол бермеу, тиісті рұқсатсыз жанар-жағармай бактарын орнату жолымен көлік құралдарын пайдалану қағидаларының бұзушылықтары фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Іс-шараның 6 күнінде мұнай өнімдерін көлікке рұқсат етілмеген қосымша бактар арқылы жасырын тасымалдаудың екі дерегі, көлік құралының басқа да техникалық талаптарының сақталмауының 21 дерегі анықталды.
Осы ретте атыраулық полицейлер көлік жүргізушілеріне жолдағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың соңы жауап тартуға әкелетінін ескертеді.