Halyq Uni логотип
×

Өрт кезінде еңбек қауіпсіздігін бұзудың себептері анықталады – министрлік

Жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларын тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды

 Динара Амантай 12.06.2023 | 16:01
Өрт кезінде еңбек қауіпсіздігін бұзудың себептері анықталады – министрлік
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Абай облысындағы өрт кезінде адам шығынына әкелген еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзу себептерін анықтайды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдері арнайы Үкіметтік комиссия құрамында Абай облысына ұшып кетті. Мемлекеттік органның қызметкерлері «Семей орманы» МОТР-дың аумағында өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізеді. Сондай-ақ олар зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін анықтайды.

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ аумағында өрт салдарынан болған топтық жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларын тергеу үшін премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына төрағаның орынбасары болып Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, басқа да орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің, жұмыс берушілердің және жұмысшылар кәсіподағының өкілдері енгізілді.

Бұдан басқа, арнайы комиссия келтірілген залалдың көлемін белгілеп, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Арнайы Үкіметтік комиссия жұмысты 10 жұмыс күні ішінде аяқтайды. Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама