×

«Масыл болғым келмейді». Жұмысқа тұрғысы келетін жетісулық зағип жандар биліктен көмек күтеді

Талдықорғандағы зағиптар қоғамдық бірлестігінің ғимараты әбден ескірген

 Думан Қырықбаев 22.04.2022 | 17:06
фото: Әлікен, Гүлнар, Төлеухан, Серік

Нысан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салыныпты. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Ішкі жабдықтарының өзі - сол кеңестік кезеңнен қалған дүниелер. Көңіл көтеріп, ой сергітіп қайтатын клубтың да жағдайы мәз емес. Бәрінің тозығы жеткен.

Бірлестік өкілдері жағдайын айтып қалалық, облыстық әкімдікке бірнеше рет барыпты. Алайда, әкімдіктегілер қоғамдық ұйым болғандықтан, ешқандай қаржы бөлінбейтінін алға тартып, жылы шығарып салған.

«Отырған ғимаратымыз әбден ескіріп, тозды. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Талай рет жоғары жаққа хат жібергенбіз. Демеушілік көмек сұрадық. Бірақ ешқандай әрекет, өзгеріс болмай тұр. Зағип жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі де күрделі. Көп жерлерде қабылдай бермейді. Бір сөзбен айтқанда, мүгедектігіне берілетін азын-аулақ жәрдемақыға күн көріп отыр. Көбісінің баспанасы жоқ», - дейді облыстық зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлікен Дәркенбаев.

Зағиптар үшін баспана мәселесі өзекті. Үй кезегі біріктіргелі баспаналы боламыз деген үміті де су сепкендей басылған. Қазір көбінің кезегі кері қарай жылжып кеткен. Солардың қатарында Гүлнар Құрманғалиқызы да бар.

«Мен 2011-жылы үй кезегіне 692-ші болып тұрғанмын. Кезек біріктірілгенге дейін соңғы рет барып білгенімде 468-ге жылжыған. Енді, тексертсем, 968 болып тұрмын. Сонда, бұны қалай түсінуге болады? Жауаптыларға барып сұрасам, жалпы кезек тез жылжитынын айтады. Бұған күмәнім бар. Үй ала алмай өліп кететін шығармыз. Мұрагер ретінде қызымды кезекке қояйын десем, онда мені кезектен алып тастайды екен. Сонда, баспаналы болудың бақыты қашан бұйырады?», - дейді Гүлнар.

І топтағы мүгедек Серік Надырбаевты да осы сұрақ мазалайды.

«Менің де үйім жоқ. Жеті жыл болды кезекте тұрғаныма. Әкімнің де қабылдауына бардым. Бірақ әкім ауысып кетіпті. Былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жолыққанымда мың бәленбайыншы кезекте тұрсыз деген. Биыл 900-дің ішінде шығармын десем, жоқ, мүгедектердің категориясын біріктіргеннен кейін үш мыңнан асып кетіпті. Басшысына жолығып сұрайын деген едім, кіре алмадым. Өзім де инсульт алып, жағдайым нашарлап қалды. Жас ұлғайғанда кім-көрінгеннің босағасында жүрген қиын екен», - дейді ол.

Қала әкімдігі кезектің кері жылжыуына байланысты республикалық бірыңғай базаны интеграциялау негізінде 19 категорияның он үші қысқартылғанын мәлімдеді. Қазір барлығы алты категорияға біріктірілген. Соның нәтижесінде осындай түсінбеушілік туындап отыр. Жалпы, қазір үй кезегінде қала бойынша 16 мыңдай адам тұр.

Өңірде көзі дұрыс көрмейтін жандарды жұмыспен қамту шаралары да тиісті деңгейде емес. Мемлекеттік мекемелерде арнайы квота қарастырылғанымен, ол іске аса бермейді екен. Сондықтан, еңбекке қабілеті жандардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай қиналып жүр. Солардың бірі Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылының тұрғыны Төлеухан Жаңабай.

«Мен бала кезден көзіме байланысты екінші топтағы мүгедекпін. Ата-анам ерте қайтыс болып кеткен. Жасым 34-те. Ел қатарлы жұмыс істегім келеді. Бірақ еш жерде қабылдамайды. Ауылда әкімдікке, жұмыспен қамту бөліміне де бардым. Нәтиже жоқ. Ешкімге масыл болмай-ақ, өзім табыс тапқым келеді. Сол жағынан біздерге көмек жасалса дейміз», - дейді Төлеухан.

Ал, бірлестік жанынан құрылған зағип жандар жұмыс істейтін тігін және жиһаз цехы бәсекеге қабілетсіз. Бұрынғыдай тапсырыс беретін белгілі бір арнайы мекеме жоқ. Тек мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеп отыр. Оның өзінде олар дайындаған өнімге сұраныс аз. Сондықтан, тапқан табысы еңбекақы мен шикізат көзінен аспайтын көрінеді. Цехта қазір 30 шақты адам жұмыс істейді. Алатын айлығы 70 мың теңге шамасында. Оның өзі пәтер жалдау мен ішіп-жемнен артылмайды екен. Үкіметтен көрсетілетін бар жеңілдік - қажетті құрал-жабдықтар берілетіні, инва-такси және автобуспен жүріп-тұруы.

Бірлестік төрағасы Әлікен Әділбекұлының айтуынша, зағиптарды мазалайтын мәселе көп. Мекемелердің өзінде қарапайым брайль қарпімен жазылған ақпараттық тақтайшалар мен ғимараттар алдында тактильді плиталар орнатылмаған. Одан қалса, бағдаршамдардың көбінде дыбыстық сигнал жоқ.

Жалпы, Алматы облысындағы бір жарым мыңдай зағип жанның бас қосатын жалғыз жері - осы қоғамдық бірлестік. Нысан іші қыста салқын. Іргеде тұрған табиғи газға да қосыла алмай отыр. Күн жауса шатырынан су сорғалайды. Соның кесірінен қабырғалары жарылып, сылағы да түсіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама