Halyq Uni логотип
×

Ширек ғасыр шежіресі: Астанаға 25 жыл

«Халық үні» қаланың құрылу тарихы жазылған құжаттарға шолу жасап, елорданың қазіргі әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына тоқталды

 Айгерім Таубай 12.06.2023 | 14:30
Ширек ғасыр шежіресі: Астанаға 25 жыл
Фото: Владислав Воднев

Биыл Астананың Қазақстанның бас қаласы ретінде халықаралық аренада таныстырылғанына – 25 жыл. Соған орай Halyq Uni тілшісі елорданы жаңа қалаға көшіру процесі, содан кейінгі жылдары қаладағы құрылыс қарқыны мен жас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады.

АЛМАТЫДАН КӨШКЕН СӘТ...

Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап мемлекетіміздің астанасы болып ресми түрде жарияланды. Сол күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министр Нұрлан Балғымбаев, Сенат төрағасы Өмірбек Байгелді жаңа астанада халыққа үндеу жасады.

(«Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылдың 11 желтоқсандағы нөмірі)

Бұдан былай және ғасырдан ғасырға, осында ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады. (...) Ақмола – Еуразия құрлығының географиялық кіндіктерінің бірі. Біздің таңдауымыз уақыт өте келе бұл қаланың осынау ұлан-ғайып алып құрлықтың қуатты коммуникациялық орталықтарының біріне айналатындығымен де айқындалады, - делінген президенттің жаңа астанадағы алғашқы үндеуінде.

Алайда бәрі бір күнде, тіпті бір жылда өзгерген жоқ. Оңтүстік-шығыстан Сарыарқаға елорданы ауыстыру еңбекпен қатар қомақты қаражатты талап етті. Сол кездегі дағдарыс және экономикалық қиындықтар астананы ауыстыру туралы жоспарды бірден орындауға мүмкіндік бермеді. Cол себепті 1995 жылы жиналған қаражатқа тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттар салынатын «Жаңа астана» қоры құрылды.

«...Астананы көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Жауапты мамандар тағайындалды, бірақ қаражат болмады. Министрліктер көше бастады, оларға ғимарат дайындауға жоба қажет болды. Содан кейін «Новая столица» деген қор ашылды. Мұнай-газ, басқа да өнідіріске инвесторлар кіре бастады. Оларға қойылған бір шарт – ашылған қорға ақша салу. 1997 жылы қомақты қаражат жиналды. (...) Назарбаев «маған шағын қала керек» деп айтты. Экономикалық жағдайға қараған болар деп ойлаймын», - деді Астананың бас жоспарының авторларының бірі, сәулетші Серік Рустамбеков.

«Жаңа астана» қоры туралы құжаттар мұрағатта сақталған. Қолымызға түскен құжатта 1998 жылдың 20 қарашасындағы Үкімет қаулысы көрсетілген. Ол жерде тұрғын үй және әкімшілік ғимараттар құрылысы, ғимарат сатып алу және күрделі жөндеу жүргізу үшін Қазақстан президенті іс басқармасына 1 млрд 611 млн теңге; білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігіне 806 млн теңге; қорғаныс министрлігіне 1 млрд 3 млн теңге; ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскерлердің бас басқармасына 116 млн теңге бөлінгені көрсетілген.

(Ұлттық архивте сақталған ҚР Үкіметінің 1998 жылдың 20 қарашадағы қаулысы)

Мемлекеттік қызметшілерді жаңа астанаға көшіру жұмыстары 1996 жылы басталған. Ақмолаға көшкендерге өтемақы төленіп, отбасы мүшелері үшін теміржол, әуе көлігінің билеті тегін берілген. Сондай-ақ отбасы мүшелері де жұмысқа орналастырылған, «Жаңа астана» қоры есебінен ақмолалық атанғандарға ас-су тегін ұйымдастырылған.

(Ұлттық архивте сақталған ҚР Үкіметінің 1996 жылдың 3 желтоқсандағы қаулысы)

«Жаңа астана» республикалық бюджеттен тыс қоры 1999 жылдың 1 қаңтарында таратылды. Демек, Алматыдан Сарыарқадағы жаңа астанаға көшу процесі 5 жылға созылды.

АҚМОЛАДАН – АСТАНАҒА

Астана атауымен қатар аталатын тарихи дата – 1998 жылдың 6 мамыры. Дәл осы күні Ақмола атауы Астана деп өзгертілді. Жаңа қала – жаңа астананың тарихы да осы сәттен басталды.

Осы жылдың 10 маусымында Астана халықаралық аренада Қазақстанның бас қаласы деп таныстырылды. Ол кезде қаланың жалпы аумағы 25,8 шаршы шақырымды құрады. Екі жылдың ішінде 3 мыңнан аса пәтер салынып, әкімшілік ғимараттар жөнделді. Осы сәтте жұмыстың басым бөлігі сәулетшілерге артылды. Себебі астана ауысқан соң ол жерге қоныстанатындар саны артатыны белгілі. Соның бәрін дәл болжап, азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау қарқынды жұмысты талап етті. Сондай-ақ қаланың Бас жоспарын жасау міндеті тұрды.

(«Егемен Қазақстан» газетінде Астанадағы құрылыс қарқыны көрсетілген фото жарияланған, 1998 жыл 12 желтоқсан)

Қаланың бас жоспарын қабылдау барысында ел билігі бірнеше рет конкурс ұйымдастырды. Соның нәтижесінде елорданың дамуы бойынша жұмыс істейтін шығармашылық топ құрылған.

Оның алғашқы кезеңі қала халқы, көлік пен қанша ғимараттың бар екеніне есеп жүргізуден тұрды. Ұлттық архивте сол кездегі статисткалық деректер сақталған. Географиялық шолуда «Ақмола – мемлекетаралық маңызы бар автомобиль жолдарының орталығы. Ақмола арқылы Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік облыстарын Сібір, Орал және Ресейдің орталық аудандарымен байланыстыратын магистральдық автожолдар өтеді», делінген.

(Жапон архитекторы Кисе Курокава ұсынған Астананың Бас жоспары)

Қазір Астанада 5 аудан бар. Алматы ауданының шекарасы 15 471 га, Байқоңыр ауданының шекарасы 18 129 га, Есіл ауданының шекарасы 20 022 га, Сарыарқа ауданының шекарасы 6 775 га. Жаңадан құрылған Нұра ауданның шекарасы – 19 336 га. 

Демографияға келсек, Ақмолада 1959 жылы 102,3 мың адам тұрған. 1985 жылы 266,4 мың адам тұрды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жылы 288,8 мың адам тұрса, елорда ауысқанша бұл көрсеткіш айтарлықтай азайған. Деректерде 1997 жылы Ақмолада 277,1 мың адам (облыс халқының 34,7%) тұрғаны көрсетілген. Яғни, 1991 жылдан кейін халықтың өсу көрсеткіші бұл қалада -0,7%-ды көрсетеді.

Ал тұрғындардың жасына келсек, 0-16 жас аралығындағы тұрғындар – 28%, 17-59 жас аралығындағылар – 63%, 60 жастан асқандар үлесі – 9% болған.

Ер адамдардың үлесі – 48,3%, әйелдер – 51,7%. Орташа есеппен әр отбасыда адам саны 3,5-тен келеді делінген. 1999 жылы қаладағы әйелдердің орташа жасы – 73, ер адамдарда 63 жас болған.

Статистикалық болжам жасаған мамандар ел астанасының Қызылордадан Алматыға ауысқан кездегі деректеріне сүйенген. Бұл туралы құжаттарда «ел астанасының Қызылордадан Алматыға ауысқаны келешекте қала халқының көбейетінін көрсетеді. Алматы астана болып тұрған 50 жылда қала халқының саны 6 есе өсті» делінген. Соған сүйеніп, Ақмолада 2005 жылға дейін 600 мың адам тұрады деп болжанды.

Айта кетейік, Астананың 20 жылдығына орай шыққан энциклопедияда болжам бойынша қалада 2005 жылы 350 мың адам тұрады деп жазылған. Бұл айырмашылықтың тууына халықаралық конкурстың нәтижесі әсер еткен болуы да мүмкін.

(Астананың Бас жоспарына «Ақ-Орда» жобалау-құрылыс компаниясының ұсынған жобасы)

Бас жоспарға халықаралық конкурс жарияланған тұсқа оралсақ, бұл байқауға өтінімдер тек орыс және ағылшын тілінде қабылданған. Бұған да архивтегі мәліметтер дәлел. Оған 41 түрлі жоба келіп түскен. Ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Жапония, Италия, Ұлыбритания, Болгария, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Қырғызстан, Латвия, Пәкістан және басқа да елдердің сәулетшілері бар. Бұл тізімнен Өзбекстанның сәулетшілер одағы атынан қатысқан Жандарбек Мәлібековті (мемлекеттік Елтаңба авторы) де көруге болады.

(1998 жылдың 18 наурызы – 20 тамызы аралығындағы халықаралық конкурс өткізу жөніндегі Үкіметтік комиссия отырысының хаттамалары және құжаттары)

Конкурста жапон архитекторы Кисе Курокава жеңіске жетті. Сәулетші Серік Рустамбековтің айтуынша, Курокава Қазақстанға Жапон үкіметінің хатын ала келген. Ал конкурсқа бөлінген қаражат – 10 мың доллар. Шетелдік сәулетшінің жоспарында Астананың бас жоспары негізгі үш философиялық категорияға негізделді: симбиоз, метаболикалық қала және абстрактілі символизм. Бас жоспар бойынша шетелдік маман екі жылдай еңбек етті. Нәтижесінде 2030 жылы Астанада 1 млн адам тұрады деген болжам жасап, ғимараттардың орналасуы мен қаладағы қозғалысты соған ыңғайлады.

Алайда қаланың дамуы мамандардың болжамы мен құжаттағы цифрға бағынбады. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2007 жылы тұрғындар саны 602,7 мың адамды құрады. Ширек ғасыр ішінде елордалықтар саны 1,1 млн адамға жетті.

(Астана, 2023 жыл. Владислав Воднев түсірген фото)

Астанаға қатысты демографиялық статистика бойынша қаладағы ер адамдардың орташа жасы – 69 жас, әйелдердің орташа жасы 76-ға жеткен. Азаматтардың орташа жасы – 72,87 (1999 жылы 67 жас болған).

Ал 2022 жылғы деректер бойынша, қалада 657 мың әйел (52%), 605 мың (48%) ер адам тұрады. Мамандар 2030 жылға қарай қалада 2-2,5 млн адам тұрады деп болжап отыр.

НЕБӘРІ 38 МЕКТЕП БОЛҒАН

Мемлекеттік қызметкерлер Астанаға қоныс аударған соң халықтың саны да артты. Жаңа жұмыс орындары ашылып, елорда тұрғыны атануға асыққандар да болды. Алайда қаланың әлеуметтік нысандар мен білім ордалары ол сұранысқа жауап бере алды ма? Мәселен, Ақмолада тәуелсіздік алған жылдары небәрі 38 мектеп болған. Оның ішінде санаулы білім ордасы ғана қазақ тілінде оқытқан.

Ақмола елорда болғанша он шақты жыл бойы қалада бір де бір мектеп салынбаған. Себебі оған қаражат та болмады. 1998-2008 жылдары елордада мектептер саны 38-ден 81-ге өсті. Оның басым бөлігі қазақ тілінде білім беретін болды. 1998 жылы оқушылар саны 45 мың болды.

Тарихи сәттің куәгері болдық. Астананың ауысқаны сәулетшілер үшін сыйлық секілді болды. Астана ауысқан сәтте жөнді маман да болған жоқ. Бізде тәжірибе болмады. Соған қарамастан рух алып, соның бәрінен өттік. Астана ауысқан соң жаңа қалаға жаңа технология, жаңа материалдар жеткізілді. Шетелдік мамандардың жобалары бізге үлкен тәжірибе болды. Қазақстандық архитекторлардың кәсіби деңгейі өсті. Мектеп, балабақша немесе басқа ғимаратты сызу бір адамның жұмысы болса, бір қаланы салуға бір кісі жетпейді, - дейді астана болғаннан кейін қаладағы алғашқы мектептердің бірін жобалаған архитектор Әлиасқар Кенжетаев.

Астана ауысқан жылдары бірден оқу орындары салынбады. Оған да арнайы уақыт қажет болды. Ресми деректер бойынша, жаңа астанадағы алғашқы мектеп 1999 жылы пайдалануға берілді. Дәл осы жылы 1 200 балаға арналған білім ордасы есігін ашты. 2000 жылы да қалада мектеп салынбады, тек содан кейінгі жылдары ғана қарқын алды. 25 жылдың ішінде 2009 жылы (6 мың балаға), 2014 жылы (8 915 балаға), 2021 жылы (5 340 балаға) мектептегі оқушы орны көбейген.

(Московская көшесіндегі 1 200 оқушыға арналған мектептің жобасы)

Ал қазір қалада 162 мектеп бар. Оның ішінде 99-ы мемлекеттік, 56 жекеменшік, 7 республикалық мектеп бар.

Ел бойынша 3,6 млн оқушы болса, соның 6,5%-ға жуығы – 230 мыңнан аса оқушы елордада білім алады. Нақты санына келсек, 236 669 оқушының 199 069-сы мемлекеттік мектепте, 31 187 бала жекеменшік мектепте, 6 413 бала республикалық мектепте білім алады.

Сондай-ақ жыл сайын 15 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды. Кейінгі ақпарат бойынша Астана мектептерінде оқушыларға 26 мыңнан аса орын қажет. Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 24 мектеп салынады, ол білім ордасына 85 мың бала бара алады.

(Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия)

Жоғары оқу орындарына келсек, ширек ғасыр ішінде Астанада Қазақ агротехникалық университеті, Астана медицина университеті, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті секілді айтулы оқу орындары ашылды. 15 жыл бұрын сол кездегі президенттің бастамасымен Назарбаев университеті ғылымға ден қойған талапкерлер үшін есігін айқара ашты. Қазір қаладағы білім ордалары халықаралық рейтингте де ТОП-300 оқу орнының қатарынан көрінді.

Денсаулық саласындағы жетістік туралы айтсақ, 1998 жылы Астанада медициналық қызмет көрсететін небәрі 15 мекеме болған. 1999 жылы қалада психиатрия, наркология, медициналық-әлеуметтік оңалту, жыныстық жолмен берілетін ауруларды емдеу, СПИД-тің алдын алу және бақылау орталықтары сияқты бірқатар мамандандырылған мекеме құрылды.

2008 жылы олардың саны 24-ке жетті. Ал кейінгі ақпаратқа сәйкес, елордада қазір 40-тан аса мекеме медициналық көмек көрсетеді.

12 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН 403 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН

Қаладағы азаматтардың қаншасы жұмыспен қамтылғанына келсек, 1998 жылы 21,4 мың адам жұмыссыз қаратында болған. Бұл сол кездегі тұрғындардың 13%-ын көрсетеді.

Ширек ғасыр өткен кезде қалада миллионнан аса азамат тұрады. Ішінде 29 мың азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл халықтың 4,7 пайызы. Осыдан-ақ халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғаны көрінеді.

Ал 1998 жылы 26 мың адам ғана өз ісін жүргізген болса, 25 жыл ішінде бұл көрсеткіш 70 мың адамға жуықтады. Бұл бағытта да үш есеге жуық өсім байқалады.

Жалақы мөлшеріне келсек, бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 1997 жылы – 9 874 теңге, 1998 жылы – 12 886 теңгеге тең болды. 10 жылдан кейін орташа жалақы мөлшері 89 631 теңге болса, арада ширек ғасыр өткенде 403 мың теңгеге (2023 жылдың қаңтарындағы дерек) жетті. Доллармен есептегенде 1998 жылғы жалақы 164,59 АҚШ долларына тең, қазіргі кездегі сома 901 доллардан асады.

Сондай-ақ 1998 жылдан бері қалада нақты жалақы көрсеткіші 340 пайызға өскен.

Тұрғын үй құрылысына келсек, ел астанасы ауысқан жылы жалпы көлемі 139 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Ал 2021 жылы 3,1 млн шаршы метр баспана салынды.

(Астана келбеті. Фото ашық дереккөзден алынған)

АУҚЫМДЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ

Алматыдан жаңа астанаға ұшақ арқылы жылдам жетуге болатыны белгілі. Алайда 25 жылдан аса уақыт бұрын әуежай көп адамды қабылдауға қаншалықты қуатты болды деген сұрақ туындайды. Ұлттық архивте сақталған құжаттарға сәйкес, «Ақмола әуежайы» ашық үлгідегі акционерлік қоғамы және «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорын жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізген.

Сол кезде Үкімет қаулысы бойынша жаңа астанадағы құрылысқа күш салған кәсіпорындар мен компаниялар салықтан босатылған. Көлік және коммуникациялар министрлігі Әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі жөніндегі комитеттің ел үкіметіне жолдаған хаты архивте сақталған.

(Астана әуежайына қатысты Ұлттық архивте сақталған құжаттар)

«Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола қаласындағы әуежайдың жөндеу жұмыстарына өз қаражатынан 2 млн АҚШ долларын бөліп отыр, деп жазылған құжатта.

(«Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылдың 10 қарашадағы нөмірі. Фотода Ақмоланың әуе айлағы, теміржол вокзалы, автовокзал көрсетілген)

Содан кейін Ақмола теміржол вокзалы да жаңа астанаға сай жұмысын үйлестіре бастады. Ал қазір қалада екі теміржол вокзалы бар. Оның бірі 5,2 мың адамға лайықталса, «Нұрлы Жол» вокзалы 35 мың адамға арналған.

(Астанадағы «Нұрлы Жол» вокзалы 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне орай ашылды. Фото ҚТЖ баспасөз қызметіне тиесілі)

Бас қалада мәдениет те қатар дамыды. Жаңа астанаға ауысқаннан кейін мәдениет ошақтары да артты. 2000 жылы 7 шілдеде Астанада Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының ашылуы болды. Ғимараттың ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева, елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.

(«Егемен Қазақстан» газетінің 2000 жылдың 7 шілдедегі нөмірі)

Айта кетейік, сол кезде Байсейітова театрына Ұлттық театр мәртебесі берілді. Астана атауы берілгеніне екі жыл болған күні елордада Абай ескерткіші ашылды. Ол Абай және Республика даңғылының қиылысында қойылды.

25 жылдың ішінде қалада бірқатар маңызды ғимарат бой көтерді. Оның ішінде Қазмедиа орталығы (2011 жыл), Хазрет Сұлтан мешіті (2012 жыл), «Астана-опера» (2013 жыл), Ұлттық музей (2014 жыл), «Барыс Арена» (2015 жыл), «Экспо-2017» ғимаратын ерекше атауға болады.

(EXPO-2017 халықаралық көрмесіне орай салынған «Нұр Әлем» ғимараты. Абзал Қалиевтің фотосы)

«Экспо-2017» ғимаратын салу барысында Бас жоспарға өзгерістер енгізілді. Сол жылдары сол жағалауда құрылыс қарқынды жүрді. Қалашық жұмыстарына америкалық Adrian Smith + Gordon Gill Architecture сәулет бюросы тартылды. Дәл осы ауқымды әрі халықаралық шараға байланысты Астанада жаңа теміржол вокзалы ашылды. Сондай-ақ Астана халықаралық әуежайына жаңа екі терминал қосылды.

Елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылуы да тарихи сәт болды. Бұл – көпдеңгейлі хореографиялық білім берудің толық циклы бар Орталық Азиядағы алғашқы жоғары оқу орны. 2016 жылдан бастап академия балет және би артисі, режиссер-хореограф, педагог- хореограф, өнертану, арт-менеджмент саласы бойынша маман даярлайды. Оқу орны елордада мәдениет саласы мамандарының артуына септігін тигізіп қана қоймай, осы салаға тың серпін берді. Қазірге дейін білім ордасы әлемдегі ең жас хореография академиясы саналады.

Спорт саласына келсек, 2010 жылы «Алау» мұз сарайы ашылды. Бір жылдан кейін «Сарыарқа» велотрегі пайдалануға берілді. 2009 жылы Астана күніне орай УЕФА, ФИФА талаптарына сәйкес келетін 30 мың адамға лайықталған «Астана-Арена» футбол стадионы іске қосылды. 2015 жылы «Барыс-Арена» стадионы хоккейшілер үшін есігін ашты.

Олимпиада ойындарында бақ сынап жүрген спортшылардың дені Астана қаласы атынан өнер көрсетті. Бұл қатарға Афинада күміс алған боксшы Геннадий Головкинді (2004 жыл), Бейжіңде күміс алған дзюдошы Асхат Житкеев (2008 жыл) және 2016 жылы Рио-де-Женейрода «алтын» алған боксшы Данияр Елеусіновті қосуға болады.

АСТАНАДАҒЫ ҒИМАРАТ ПЕН ЕСКЕРТКІШТЕР «ҚҰПИЯСЫ»

Астанадағы ғимараттарда тек шетелдік мамандардың ғана емес, қазақстандық сәулетшілердің қолтаңбасы бар. Қалада ең алдымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал ашылған. Оның авторы – сәулетші Әлиасқар Кенжетаев.

Жаңа астанада көрсететін ештеңе болмады. 1997 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалына конкурс өтті. Сәуірден бастап қарашаға дейін жобалау, құрылыс жұмыстарын аяқтадық. Үлгердік. Қарашада ауқымды іс-шара өтті. Президент шетелден келген делегацияны күтіп, барлығы мемориалдың ашылуына барды. Қаладағы алғашқы жаңа нысан сол болған. Соның жанына қазақ мәдениет, тарихымызды көруге болатындай этно-мемориалдық парк ашу идеясы болды. Ол уақытта қаланың Бас жоспары болмады. Жан-жақта құрылыс асығыс жүріп жатты. Соған байланысты сол жоспар іске аспады. Ішінде тек Қазақстанның картасы қалды. Ол жерде еліміздің байлығын, табиғатын көрсеттік. Кешен 2000 жылы ашылды, - дейді «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінің авторы архитектор Әлиасқар Кенжетаев.

(Қазақстандық сәулетшілердің Астана және басқа да өңірлердегі жұмыстары)

Қаланың символына айналған «Бәйтерек» монументінің де өз «құпиясы» бар. Сәулет өнерінің авторы – архитектор Ақмырза Рустамбеков.

«...Кисе Курокава «Бәйтерек» орналасқан жердің макетін президентке баяндады. Ол жерде мен де болдым. Көпқабатты ғимараттар салынып, біресе биік, біресе аласа болып, әннің ырғағындай салынатынын түсіндірді. Макетте бір таяқша тұр екен. Курокава «осы жерде бір монумент» болуы керек. Биіктігі астананың көшкен жылының символы ретінде 97 метр болуы қажет» деді....Ол кезде арнайы кеңес құрылып, үлкен ғимараттар талқыланатын. Монумент үлгісіне конкурс жарияланып, жан-жақтан ұсыныстар келді. Олардың ешқайсысы Назарбаевтың ойынан шықпады. Назарбаев өзі эскиз жасағандай болды. Биік ағаш, жапырақтар салды да, «осылай» деді. Конкурсқа Ақмырза да тобымен бірге қатысқан. Назарбаев салған фото негізінде макет жасап ұсынды», - дейді «Бәйтерек» монументінің авторының ағасы – сәулетші Серік Рустамбеков.

Қаладағы бірқатар нысан мен ғимарат қала күні немесе мереке қарсаңында ашылғаны белгілі. Солардың бірі – «Қазақ елі» монументі. 2007 жылы Астананың ауысқанына 10 жыл толуына орай ашылған монументтің авторы – сәулетші Саматбек Бөкебай.

(Архитектор Саматбек Бөкебай Halyq Uni тілшісіне жасаған жұмыстары мен жоспардағы жобаларын таныстырды)

«Монумент жобасына республикалық деңгейде конкурс жүргізілді. Оған 60-70 жоба түскен. Нұрсұлтан Назарбаев бәрін көріп шығып, ешқайсысын ұнатпаған. Конкурстың екінші кезеңін өткізген. Содан кейін қала әкімі Асқар Маминге тапсырма беріп, жылдамдатуды тапсырған. Ұнайтын жоба болса, орнатылатынын айтқан. Екі аптада жобасын жасадық. Екі сағаттан кейін Асқар Мамин келіп, «құттықтаймын, президентке ұнады» деді. Бастапқыда «Тәуелсіздік» монументі болған, қаржы бөлініп, салынып біткен кезде 6 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева келіп ашты. Сол жерге келген кезде «Астана жұлдызы» деген монумент болсын деді», - дейді Саматбек Бөкебай монументтің тарихын еске алып.

Қаладағы кейінгі жылдарда ашылған нысанның айтулысы – Астанада қаласының Бас мешіті. 2022 жылдың тамызында ашылған мешіт елорданың сол жағалауында бой көтерді. Қабанбай батыр және Мәңгілік ел даңғылы аралығындағы 9,5 гектар жерді алып жатыр.

Астананың бас мешіті – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы сыйымдылығы бойынша ең үлкен мешіттердің бірі. Құрылысы үш жылға жуық уақытқа созылған мешіттің жалпы алаңы – 68, 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, мұнара биіктігі – 130 метр. Қаланың бас мешітінде бір уақытта 235 мың адам намаз оқи алады. Мешіт іші 35 мың адамға лайықталған. 

Астананың инфрақұрылымы, қала құрылысы, кей көшедегі кептеліс, сумен қамтамасыз ету, мектептерде орын тапшылығы секілді әлеуметтік мәселелер туралы сын жиі айтылады. Алайда қала 40-50 жылда жетеді деген нәтижені ширек ғасырда көрсетті. Миллиондаған адамның жас әрі бас қалада өз жолын тапқаны анық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама