×

«Әкім болды, халқына жақын болды»: Қазақстандықтар Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасында қайтыс болды

 Айгерім Таубай 11.06.2023 | 11:48
Фото: Halyq Uni / Тимур Батыршин

Алматыда жүздеген адам мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Абай атындағы опера және балет театрында өткен қаралы жиынға премьер-министр Әлихан Смайылов, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, министрлер мен қала және облыс әкімдері, марқұмның туыстары қатысты.

Жиналғандарға мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оқып берді.

«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден озуына байланысты қайғыра көңіл айтамын. Бердібек Мәшбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажырлы қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», - делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатында.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов өзінің және Үкімет мүшелері атынан марқұмның туыстарына көңіл айтты.

Бердібек Мәшбекұлы еңбегімен еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып кетті. Қай қызметте жүрсе де, халықтың мүддесіне күш-жігерін аямай, еңбек етті. Бердібек Мәшбекұлының ерен еңбегі мен жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады, - деді премьер-министр Әлихан Смайылов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Бердібек Сапарбаевтың қай қызметте болса да, ерен еңбектің көрігін қыздырғанын айтып өтті.

...Кісілік пен кішіліктің үлгісіне айналды. Әкім болды, халқына жақын болды. Елмен етене араласты. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Сондықтан Бердібек Мәшбекұлын «әкімдердің ағасы» деп атайды. Ол кісіні әкімнен де биік деп айтуға болады. Қай қызметте де парасаттылықтың өнегесін көрсетті. Қай өңірге барса да, қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етті. Шығыста Абайдың еңселі ескерткішін көтеру, Ақтөбедегі жұмысты жандандыру секілді ізгі істері арқылы артында ізі қалды, - деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ марқұмның көзі тірісінде айтқан өтініш бойынша денесі Алматыға жерленетіні айтылды.

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Бердібек Сапарбаевтың 45 жылдан аса ғұмырын мемлекеттік қызметке арнағанын айтты.

Бердібек Мәшбекұлына қарап ой да, бой да түзедік. Өзім 25 жылдан аса уақыт жақын таныс болдым. Мемлекеттік талай істе қатар жүрдік. Тәрбиесін, тәлімін, тәжірибесін де алдық. Тәуелсіздікті нығайту жолында қатардағы экономистен Қазақстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары секілді лауазымды қызметті абыроймен атқарды. Еліміздің бес бірдей өңірін басқарып, халықтың шынайы ризашылығына бөленді. Елін, жерін риясыз сүйді. Бердібек Мәшбекұлы бастаған істі шәкіреттері жалғастырады деп сенеміз, - деді Ерболат Досаев.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев марқұмның туыстары, шәкірттерімен қатар, барша қазақстандыққа көңіл айтты. Ол Бердібек Сапарбаевтың Тәуелсіздіктің тасын өрге сүйрелеген бірден-бір қайраткер екенін айтып өтті.

Тәуелсіз еліміздің бес аймағын басқарып, Үкіметтің жалпыға емес, жалқыға ең қажет әлеуметтік саласының жетекшісі болған Бекең қазақтың нағыз марғасқа жігіті еді... Туған халқының рухани дамуына да риясыз еңбек еткен қайраткер бола білді. Қай қызметте жүрсе де, қоғамдық күштер мен билік институттары арасында ұйытқы бола білді, - деді Қырымбек Көшербаев.

Бердібек Сапарбаев 2023 жылдың 10 маусымында 71 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратына жерленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама