Байқоңырда кәсіпорын басшысы қарамағындағыларды үйін салып беруге мәжбүрлеген

Еркеғали Болатұлы

Оның мекеменің кадр жөніндегі бөліміне ұсынған дипломы да жалған болып шықты

фото: ашық дереккөз

Байқоңырдан 250 шақырым жерде орналасқан Талсуат кентінде жергілікті кәсіпорындардың бірінің бастығы қарамағандыларға үй салдырған.

2019-2021 жылдар аралығында басшы жекеменшік үйін өзінің қоластында жұмыс істейтін мамандарға мәжбүрлеп салдырған және ол нысанды абаттандырған. Қоластындағы жұмысшыларды қызметтік проблемаға тап болатындарын айтып қорқытқан, - деп хабарлады Байқоңыр прокуратурасы.

Кәсіпорынның 59 жастағы бөлім басшының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек тағы бір жайт, ол мекеменің кадр жөніндегі бөліміне жалған диплом ұсынған.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматы болуына байланысты оған қатысты қылмыстық іс одан әрі қылмыстық тергеу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді, - деп мәлімдеді «Байқоңыр» кешенінің прокуратурасы.

Қазақстандық қылмыстық заңнамада қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жыл бас бостандығынан айыру, ал жалған құжатты пайдаланғаны үшін 40 тәулік қамауға алу түрінде жаза көзделген.